Нұр-Сұлтанда көпқабатты үйге жеделсаты салуды «ұмытып кеткен» құрылыс компаниясы күлкіге қалды. Құрылысшылар жеделсатыдан бөлек, өрт кезінде түсетін сатыны да естен шығарған. Олқылықты енді байқаған олар жеделсатыны нысанның сыртына орналастырып жатыр. Ал тұрғындар мұның қыста қауіпті екенін айтып, даурығуда. Пайдалануға берілмеген үйге қоныстануға қорқатындар да бар, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
«Баспана-Кентал» деп аталатын тұрғын үй кешенінің биіктігі 5 және 9 қабатты болуы керек еді. Алайда, бұған жауапты мердігер ұйым «Орал-Дизайн-Стройсервис» басшысы өзгеше шешіп, алаяқтыққа барған.
«5 қабат салынуы тиіс жерге 9 қабат салған. Ал 9 қабат салу қажет болған орынға 12 қабат көтерген. Үйдің барлығы да үлескерлерге сатылып кеткен. Сот шешімімен нысанның тұрғын үй кооперативіне өтуіне байланысты, техникалық тексеру жүргізілді. Соның нәтижесінде, жобалық-сметалық құжат жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтті. Қолданыстағы нормаға сәйкес, 6 қабаттан жоғары үйлердің лифті болуы тиіс. Сол себептен де жобалаушылар ол үйлерге лифт пен өрт баспалдағын салу туралы шешім қабылдады», – деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Артық ақша табу жолын қуған мердігер компания жеделсаты мен адамдарға арналған қауіпсіздік сатысын ұмытқан емес, мүлде керек етпеген. 11 жыл бойы бітпеген құрылысты қазір жергілікті билік өз қарамағына алып, жеделсаты мен өрт кезінде тұрғындар түсетін сатыны үйдің қас бетінен салып жатыр. Себебі, басқа амал қалмаған.
«Қазір өрт кезінде түсуге арналған саты мен ішкі жақтың жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс өткен жылы қайта жанданды», – деді қала тұрғыны Хамза Тасшауов.
Бұл аздай, нысанға жауаптылар бірнеше жылда 564 пәтерді 536 үлескерге сатып үлгеріпті. Алаяқтық анықталған соң, жауапты мердігер компанияның басшысы сотталыпты.
Жергілікті тұғындар жаңадан салынып жатқан көпқабатты үйлер сол маңдағы басқа да пәтерлерде тұратындарға кедергі келтіруде дейді. Өйткені, ол жақта балалар ойнайтын алаңқай жоқ көрінеді. Ашық жерлер көлік тұрағы мен газ құбыры өтетін орынға бөлініпті.
«Балаларымыз ойнай алмай қиналып жүр. Осында 7 жыл бойы тұрып келемін, барлық жерге хат жаздым. Алайда, көріп тұрғандарыңыздай, ешқандай жағдай жасалмады. Кішкентайларымызбен серуендеуге шыға алмаймыз», – дейді қала тұрғыны Ержан Зариров.
Тұрғындар кейде үлескерлердің келіп-кететінін айтады. Олар жеделсатысы мен сатысы сыртта болған тұрғын үй кешінінен баспаналы болуға әлі де үмітті. Алайда, 2009 жылдан бері салынып келе жатқан үйдің құрылысы қашан аяқталытыны белгісіз.