Су тасқынына ұшыраған Мақтарал ауданына қол ұшын созған бизнесмендердің қатары көбейіп келеді. Ресейде тұратын өзбек миллиардері Әлішер Усмановтың тасқыннан зардап шеккен мақтаралдықтарға 5,2 миллион АҚШ долларын аударғаны біраз байларға қамшы болған сияқты. Іле-шала Қазақстандағы №2 бай, миллиардер Болат Өтемұратов 6 миллион доллар аударды (Өтемұратов былтыр Арыста жарылыс болған кезде де қарап қалмай, зардап шегушілерге баспана салып берген еді).
Күні кеше Машкеевич, Шодиев, Ибрагимовтың әйгілі «Еуразиялық үштігі» 5 миллион доллар бөлгені туралы ақпарат тарады. Қаржысы теңгемен емес, доллармен есептеліп, өңшең миллиардерлер мен миллионерлер атсалысып жатқан шараның басы-қасында Қазақстанның №1 байы, «Қазақмыстың» иесі Владимир Ким жүруі тиіс еді. Өкінішке қарай, мақтаралдықтарға Ким әзірге көлеңкесін де көрсетпей тұр.
«Жүруі тиіс еді» дегенді бекер айтып отырғанымыз жоқ. Өйткені, Владимир Сергейұлы тасқынға ұшыраған Мақтарал ауданының, дәлірегі 14 мың халқы бір түнде дүрк көтеріліп, қауіпсіз аймаққа көшірілген Мырзакент елді мекенінің тумасы.
Ресми өмірбаянына қарағанда, болашақ миллиардер 1960 жылы қазан айында осында қарапайым кәріс отбасында дүниеге келіп, Мырзакенттегі орта мектепте білім алған. Алматыдағы Политехникалық институтын құрылысшы-инженер мамандығы бойынша тәмамдаған соң комсомолдық құрылымдарда жұмыс істеген.
1992-1995 жылдар аралығында «Қазақстан-Самсунг» бірлескен кәсіпорнын басқарған Владимир Ким көп ұзамай «Жезқазғантүстіметалдың» басшылығына ауысады. 1997 жылы «Қазақмыс» болып қайта құрылған компания мыс өнімдерін шетелге экспорттап, табысы жылдан-жылға артып отырды.
Қазіргі таңда бұл кәсіпорын мыс өндіру бойынша әлемде 9-шы, күміс өндіру бойынша 5-ші орын алады. Одан бөлек, жылына 5,5 тонна алтын шығарады. Әлемдік нарықта «Қазақмыстың» құны шамамен 12 миллиард 700 миллион долларға бағаланады. Осы есепсіз байлықтың негізгі иесі – Владимир Ким.
Владимир Сергейұлы «Қазақмысқа» келген 90-жылдардың ортасынан бері кәсіпорынның акцияларын сатып алумен шұғылданды. Нәтижесінде, 10 жыл ішінде алып корпорацияның 38,9 пайызы Кимнің қолына шоғырланды. «Форбс» журналының тұжырымы бойынша, Владимир Кимнің дәулеті былтыр 4,5 миллиард долларды құрап, ол Қазақстанның ең бай азаматы атағын тағы сақтап қалды.
Бір жыл ішінде оның дәулеті бір жарым миллиард долларға көбейіп, алғаш рет әлемдегі ең дәулетті 500 азаматың тізіміне енген. Алайда, осыншама шалқыған байлығы бар Ким әзірге үнсіз отыр. Неге? Біздіңше, оның үш себебі бар.
Біріншіден, жалпы Владимир Ким – қайырымдылық шараларынан шет қалып жүретін бизнесмен. Танымал миллиардердің бір жерге немесе бір облысқа қол ұшын созғаны, көмектескен туралы ақпарат таппайсыз. Былтыр Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге, биыл коронавирус індетінің алдын алуға талай бизнесмен ақшасын аударып, көпшілік шараға атсалысып жатты. Кимнің аты-жөні сол кезде де аталған жоқ. Бұл В. Кимнің ақшаны пайдасыз іске емес, нақты жоба-жоспарға салатын бизнесмен екендігін білдіретін сияқты (бәлкім оның миллиардер атану құпиясы да осы қасиетімен байланысты шығар).
Екіншіден, дәл қазір Владимир Ким біреуге қайырымдылық жасайтындай шамада емес. Себебі, әлемде дағдарыстың бұлты қоюланып келеді. Ол бірінші кезекте «Қазақмыс» сияқты алып кәсіпорынға өте күшті соққы беруде. Мұнайдан бастап, барлық шикізаттың бағасы түсті. Себебі, сұраныс жоқ. Дәулетін бір жылда бір жарым миллиард долларға көтерген кезде ешкімге көмектеспеген Ким, биылғы дағдарыс кезінде біреуге қол ұшын соза ма? Бұл болжамның ықтималдылығының өте төмен екендігі рас.
Үшіншіден, кейбір мәліметтерге қарағанда, Кимнің соңғы кездері жалпы жағдайы мәз емеске ұқсайды. Ақпарат құралдарында оның Ресейден әріптес іздеп жүргені туралы деректер жарияланды. Биыл Кимнің Монако еліне кетіп қалғаны жөнінде мәлімет тарады.
Алайда, ақпанда «Қазақмыстың» басшылығы мұны жоққа шығарды. Бірақ, «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтынын» да ұмытпаған дұрыс сияқты. Келешегін Қазақстанмен байланыстырмайтын бизнесменнің туған жеріне қаншалықты елжірей қоятынына енді өзіңіз болжам жасап көріңіз. Дегенмен кім біледі. Көпшілік Кимнен әлі де үміттенеді.
Дереккөз: oinet.kz