$ 494.87  520.65  4.91

«Өліміне полиция қызметкері себепкер болды»: бүгін ақтөбеліктер қоғам белсендісін жерледі

«Өзі жетімдік пен жоқшылықты көп көргесін қоғамдағы әділетсіздікке жаны төзбейтін», - дейді инспекторды сотқа бергелі отырған қызы.

17 мамырда Ақтөбеде жақындары мен жақтастары белсенді Серік Оразовты ақтық сапарға шығарып салды. Белсенді 15 мамыр күні үйінің ауласында полиция қызметкерімен сөзге келгеннен кейін жүрек тұсын ұстай құлап, жан тапсырған, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Марқұмның үлкен қызы Баян Оразова сүйекке сот-медицина сараптамасы жасалғанын айтады. Оның Азаттыққа көрсеткен сараптама қортындысында «Серік Оразов жүрек-қантамыр жетіспеушілігінен қайтыс болды» деп жазылған.

«Үйден сап-сау күйі шығып кеткен адамның өліміне полиция қызметкері себепкер болды. Әкесіндей адамды жұлқылап, дөрекілік көрсеткен инспектордың үстінен сотқа шағымданбақшымыз. Әкем өмір бойы мұнай өндірісінде қара жұмыс істеген, еңбекқор әрі адал адам еді. Өзі жетімдік пен жоқшылықты көп көргесін қоғамдағы әділетсіздікке жаны төзбейтін», - дейді Баян Оразова.

19 мамырда 69 жасқа толатын Серік Оразовтың жаназасына ақтөбелік белсенділер де көп жиналды. Кеуде тұсына көк лента таққан олар жаназадан кейінгі шағын митингіде «билік белсенділерді қудаламасын» деп талап қойды.

«Серік Оразов үнемі полицияның аңдуында болды. Оның өзі мұны Ақтөбенің бұрынғы әкімі Мавр Абдуллиннің есеп беру жиынында да айтқан. Қала әкімі сол жиында Серікті «немере бағып үйде отырыңыз, жастарға үлгі болыңыз» деп «тәрбиелемек» болды. Ұят емес пе? Сөз жоқ! Адам емес, фашист болып кетті ғой бұл полиция», - деді ашынған белсенділердің бірі Гүлнәр Бекешова.

Өзін Кәбира Мұхамбетова деп таныстырған әйел президент Тоқаевқа үндеу жолдап: «Өз жерімізде теперіш көріп жүрміз, билік белсенділерді қудалауды тоқтатсын», - деді.

Марқұмның туыстары қазаға көңіл айтып, Серік Оразовтың отбасына Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің басшысы Арыстан Атығайдың келіп-кеткенін айтады.

Ақтөбе облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 362-бабы 1-бөлігімен («Билікті немесе лауазымдық өкілетін асыра пайдалану») сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Полиция департаменті сотқа дейін тергеу нақты кімнің үстінен басталғанын айтпады, тек «оқиғаның жай-жапсары қылмыстық тергеу барысында тексерілетінін» жеткізді.

Ақтөбелік белсенді Серік Оразов 19 мамырда 69 жасқа толатын еді. Ол 2016 жылы жерді шетелдіктерге жалға беру туралы заң жобасына қарсы өткен Жер митингіне, 2019 жылы Қазақстандағы Қытай жобаларына қарсы митингіге, құқық қорғаушылар саяси тұтқын деп танығандарды босатуды талап еткен шараларға, билікке талап айтқан бейбіт митингілерге қатысып, көзге түскен. Бірнеше рет алдын ала жоспарланған бейбіт митингілер алдында полиция Оразовты ұстап, бөлімшеге апарған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары