Соңғы кезде партия құру арқылы Парламентке депутат болып өтіп, одан кейін билікті түгел өз қолына алатынын ашық айтып жүрген кәсіпкер Ахметбек Нұрсила енді Мұхтар Әбілязовты елге шақырып отыр, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әлеуметтік желідегі сайқымазақ қойылымдарымен ел-жұртқа әбден жеккөрінішті болған ол, бұдан былай Әбілязовтың жақтастарының көңілін аулап, сол арқылы жақсыатты болуды көздеген сыңайлы. Себебі, кеше өзінің Youtube арнасында мәлімдеме жасап, Қазақстан билігі қылмыскер деп таныған экс-банкирге «бір кемеде» болуды ұсынды.
«Енді менің Әбілязов бауырыма айтатыным: айналайын, Мұхтар, менің партияма кемінде миллион адам жиналады. Билік қаласа да, қаламаса да тіркеледі. Сені енді қудаламаймыз. Саған бір-ақ шарт бар. Ана алып кеткен ақшаларыңды алып кел, елдің игілігіне жарат!
Туған еліңе, ата-бабаңның жеріне кел! Бірақ, ол ақшаны сен ауыл шаруашылығын дамытуға құясың. Сол кезде халық сені кешіреді деп ойлаймын», - деп үлкен үмітпен тебірене сөйледі кәсіпкер.
Осылайша, діттеген жеріне бір табан жақындаған да сияқты. Өйткені, бұл үндеуі желі қолданушылардың біразын ашуландырса, әбілязовшыл топтың «құлағына майдай жақты». Олар бұл ұсынысты қолдайтындықтарын жарыса жазысуда.