Белгілі заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек facebook парақшасына Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребековтің мектеп құрылысын жүргізіп жатқан жігіттермен отырған суретін жариялады. Айтуынша, ол жерде жергілікті шенеунік сыра ішіп отырғанға ұқсайды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары Төребеков не ішіп отыр?
1) Сыра
2) Шәй
3) Сідік
«Фирдауси мектебіне 200 миллион теңгеден аса ақша бөлінді» деп отыр құрылысшы жігіт. «Енді осы ақшаны мектептің игілігіне жұмсасақ болар еді» деді суретті түсіріп жіберген жігіт.
Неге әкім орынбасары мектепке қайта-қайта барып жүр?
А) Құрылыс жұмыстарын қадағалау үшін;
Б) Құрылысшы жігіттермен тегін сыра ішу үшін;
В) Білімін қайта жетілдіру үшін;
Е) Откат сұрау үшін;
Білім ордасында құрылысшы жігіттермен сыра ішуге бола бере ме не? Шемішкемен сыра кайфпен кетіп жатқан сияқты ғой! Ас болсын, аудан әкімінің орынбасары Төребеков мырза!
А, сосын Мектеп директоры мен мұғалімдерді қыспай-ақ қойыңдар! Суретті құрылыс компаниясының қызметкері жіберді. Мақтаралда құрылыс жұмыстары біткенше, көмекшілерімді арнайы жіберіп қойғанымды хабарлаймын!» деп жазды Айгүл Орынбек.
Ал оған үнемі жергілікті шенеуніктерді жақтап, қарсы пікір жазып жүретін шымкенттік журналист Айдар Сейдазым бұл жолы да қарап қалмады.
«Айгүл Орынбектің парақшасындағы мына жазба шындыққа еш жанаспайды. Мақтарал ауданы әкімінің орынбасары Б. Төребеков 29.05.2020 жылы сағат 15-тер шамасында 1 мамырдағы су тасқынынан зардап шеккен Фирдоуси ауылына, құлаған тұрғын үйлер құрылысын көруге, тұрғындардың өтініш-ұсыныстарын тыңдауға барған.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, су алған 5 ауылға аудандар бекітілгені белгілі. Фирдоуси ауылына жауапты Келес ауданының штабы орналасқан «Фирдоуси» мектебінде ауылға ауыз су, электр жарығы, көгілдір отын сияқты өмірге қажетті инфрақұрылым жүйелерін қайта қосу, сондай-ақ, құрылысқа қосымша қажеттіліктер жайында талқылау осы штабта жасалған.
Мына суретте сол көрініс бейнеленген. Сыра, су, т.б. деп суреттелген зат минералды су мен лимонад суы. Күн ыстық болғандықтан, бұл сусындарды ішудің еш айыбы жоқ деп ойлаймыз. Сондықтан Фирдоуси мектебін жөндеуге 200 млн теңге бөлінді, оны мақсатты игеру, т.б. уәждер, мән-жайларды негізсіз деп білеміз.
Өйткені, Айгүл Орынбек айтқандай, «Фирдоуси» мектебін жөндеуге 200 млн теңге әзірге бөлінбеген, құрылыс компаниясы да анықталмаған, суреттегілер Келес ауданынан келген қатардағы қызметкерлер, волонтерлар», - деп шыр-пыр етті ол.
Алайда, Айдар Сейдазымның бұл уәжіне Серік Ерсейіт атты азамат қарсы пікір жазды.
«Суретте коланың бөтелкесі мен минералды судың бөтелкесі тұр. Коланың бөтелкесі – 0,5, 1, 2 л. 0,5 – минералды су бөтелкесі. Стакандағы мен коланың ішіндегі сусынның түсі бірдей. Коланың түсі емес. Лимонад дейін десек, лимонадтың бөтелкесінен алып, коланың бөтелкесіне құюға не мәжбүрледі?
Сол лимонадтың бөтелкесімен-ақ құйып, іше беруге болмады ма? Коланың ішіндегі сусын сыраға толық келеді. Разливной. Сіздерге, бірақ, ақталу үшін тағы бір подсказка беруге болады. Ол лимонадты жұмысшылар үйлерінен қолдан қайнатып әкелген деген. Компот, былайша айтқанда», - деді көргеніне сенген желі қолданушы.
Кейінірек Мақтарал Ауданы Әкімдігі деп тіркелген аккаунт атынан Айдар Сейдазымның жоғарыдағы пікірі сөзбе-сөз көшіріліп салынды. Тіпті, аудан әкімінің орынбасарын «Ішкенде тұрған не бар?..» дегендей қостаулармен ақтап жатқандар да аз емес.