Саясаттанушы Досым Сәтбаевтың жеке қоры 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Қазақстандағы аштық тақырыбын зерттеген АҚШ ғалымы Сара Камеронның ашаршылық жайлы кітабын қазақ тіліне аударды. «Аштық жайлаған дала. Ашаршылық, озбырлық және Кеңестік Қазақстанды орнату» (The Hungry Steppe. Famine violence, and the making of Soviet Kazakhstan) атты Сара Камеронның кітабы не үшін маңызды? Осы сұрақты еңбекті қазақ тіліне аудару жөніндегі жобаның авторы Досым Сәтпаевқа қойдық.
– Досым, ашаршылық жайлы шетел ғалымдарының жазған еңбектері баршылық. Неге таңдау Сара Камеронның кітабына түсті? – Сара Камеронның зерттеуі терең, салмақты әрі архив материалдарына негізделеді. Бұл – бір. Екіншіден, адам ретінде қызықты болып көрінді, жақсы бастамаларды көтерді. 2018 жылы АҚШ Сенаты Украинадағы ашаршылықтың 85 жылдығына қарар қабылдағанда, Сара Камерон АҚШ конгресін Қазақстандағы аштық тақырыбына назар аударуға шақырған жалғыз зерттеуші болды. Ол Қазақстандағы аштық салдары мен құрбандар саны жөнінен Украинадан кем емес, тіпті, асып түсетінін айтты. Міне, сол кезде осы зерттеушіге назар аудардық.
2019 жылы Вашингтонда Сара Камеронның Қазақстандағы ашаршылық жайлы кітабының тұсаукемеріне қатысып, өзінен сұхбат алдық. Сол сұхбаттан Сара Камерон өз зерттеуінде маңызды дүниелерге басымдық бергенін түсіндік. Ол алдымен ашаршылыққа түрткі болған оқиғаларға тоқталған. 19 ғасырдың соңында Ресей мен Украинадан шаруаларды жаппай Қазақстанға қоныстандыру қазақтардың көшпелі өміріне әсер еткені кітапта көрініс тапқан. Сондай-ақ, Сара Камерон аштық ұлттық сана-сезім, ұлттың өзін анықтауына қалай әсер еткеніне де тоқталған. Оның үстіне Қазақстандағы ашаршылық жайлы эмоцияға берілмей, объективті түрде жазған, ұлты қазақ емес сырттағы зерттеушінің пікірін ұсыну қызық болды.
Бұл жобаны қолға алуымыздың тағы бір себебі, Ресей Сталиннің жеке басына табынуды күшейтіп жатқаны алаңдатады. Ресейде соңғы 5-6 жылдағы сауалнамалар Сталиннің танымалдығы өскенін көрсетті. Оны тарихтағы ұлы қайраткер, көрнекті жетекші ретінде қабылдайды. Бұл Путиннің идеологиялық жұмысының нәтижесі екені белгілі. Путин Сталин бейнесі арқылы Кеңес Одағының өзі ең жақсы деп есептейтін жетістіктерін тізіп, фашизмді жеңу, индустриалды державаға айналу тәрізді дүниелерге көбірек көңіл аударғысы келеді. Әлбетте, осы арқылы Сталин жасаған қылмыстардың бетін жасырғысы келеді.
Қазақстанда да көптеген жастар ГУЛАГ, АЛЖИР, ҚарЛАГ туралы көп біле бермейді. Өйткені, бұл тақырып мемлекеттік деңгейде көтерілмейді. Тіпті, Тоқаев 31 мамыр күніне орай жасаған үндеуінде негізінен саяси репрессия құрбандарына басымдық берген. Бірақ, 31 мамыр саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні ғой. Саяси репрессия мен ашаршылықтан қаза болғандар – Совет жүйесінің құрбандары. Бұл ретте Тоқаев алдыңғы басшы жасамаған дүниені жасап, ашаршылықты геноцид деп жариялауы керек еді. 1948 жылы қабылданған геноцидпен күрес жөніндегі конвенцияда «геноцид – белгілі бір аймақта тұратын этникалық топты жаппай қыру ғана емес, халықты өмір сүру көзінен айыратын қолайсыз жағдайды қолдан жасау» екені жазылған. Совет Одағы, Голощекин, кіші Октябрь қазақтарды тұрмыс-тіршілік көзінен айырды.
Екіншіден, Тоқаев ашаршылық құрбандарының тізімін, мәліметтер базасын жасау мәселесін көтеруі керек еді. Украинада ашаршылық жайлы жазбаша деректер бар. Соның арқасында украиналық ғалымдар ашаршылық құрбандарының тізімін жасап шықты. Ал бізде ашаршылық құрбандарының ұрпақтары бар. Олар ата-әжелерінен ашаршылық жайлы әңгімелерді естіген. Сол ұрпақтарының естеліктерінен ашаршылық құрбандарының мәліметтер базасын жасап шығуға болар еді.
Меніңше, 31 мамыр күні саяси репрессия мен ашаршылық құрбандарын еске алып, ең болмаса, жалпыұлттық деңгейде бір минут үнсіздік жариялау керек. 31 мамыр дәл қазіргідей елеусіз өтпеуі керек. Билік Алашорданың 100 жылдығында да үндемей, елеусіз өткере салды. Бұл – Алашорданың рухын қорлау.
Қысқасы, Сара Камеронның кітабын қазақ тіліне аудару арқылы ашаршылық тақырыбына басқаша пікір, көзқарас ұсынып, билікке Қазақстанда осы тақырыпты белсенді зерттеп, көтеру керектігін жеткізгіміз келді. Бұл тақырыпты зерттеуге ақша бөлінуі керек. Жастар ол туралы ақпарат таба алмайды, оларға көбірек ақпарат беру керек.
Ресей репрессия, ашаршылық оқиғаларын ұмыттырып, Сталинді қаһарман еткісі келеді. Тарихи шындықты жасыру – қылмыс. Қазақстан азаматтары ресейлік ақпарат құралдарының ықпалында екенін ескерсек, еліміздің кей азаматтары да Сталинді Совет Одағын құтқарушы, фашистерден қорғаушы деп қабылдауы әбден мүмкін. Сондықтан ашаршылық, қуғын-сүргін тақырыбын елде көп көтеріп, ол туралы материалдар жасай беру керек.
– Кітаптың тиражы қанша және оны қайдан сатып алуға болады? – Кітап 2,5 мың тиражбен шығып, Меломан дүкендер желісіне сатылымға түсті. Оны интернет дүкен арқылы тапсырыс беріп, сатып алуға болады.
– Кітап тек қазақ тіліне аударылды ма? – Біз Сара Камеронмен әу бастан кітапты қазақ тіліне аударамыз деп келістік. Еңбекті орыс тіліне Ресейдегі бір баспа аударып жатыр. Біз ресейлік әріптестерге аудармамен көмектестік.
Асылы, ағылшын тілімен салыстырғанда, кітаптың қазақ тіліндегі нұсқасы толықтырылған, кей жерлеріне өзгертулер енгіздік. Яғни, қазақтілді оқырман кітаптың толықтырылған нұсқасын оқи алады.
Дереккөз: malim.kz