Алматы қаласы бойынша аймақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бақытжан Доспанов кешегі өткен Мәжіліс пен мәслихат сайлауында қала тұрғындарының неліктен белсенділік танытпағанын түсіндіріп берді деп жазады Tengrinews.kz. Айта кетейік, саяси науқанға алматылықтардың тек 34,1 пайызы ғана қатысып, өз таңдауларын жасаған болатын.
"Менің пікірімше, бұл төмен көрсеткіш емес. Біз алғаш рет сайлау өткізіп отырған жоқпыз, Алматы халқы үшін бұл орташа көрсеткіш. Мәселен, 2007 жылы сайлауға қала тұрғындарының тек 25 пайызы қатысқан болатын. Ал, 2012 жылы көрсеткіш 41 пайзды құрады. Неге екенін білмеймін, Алматы үнемі жақсы не жаман жағына қарай өзге облыстардан ерекшеленіп тұрады" дейді Доспанов.
Оның айтуынша, қала тұрғындарының сайлауда белсенділік танытпауына әлемді шарпыған қаржы дағдарысы кінәлі көрінеді.
"Менің жеке пікірім, 2007 жылы да Қазақстан дағдарыс алдында тұрды. 2008 жылы дағдарыс басталды. Ол кезде де халықтың белсенділігі төмен болған еді. Ал, 2012 жылы - елде тұрақтылық, мұнай бағасы жоғары, халықтың табысы да тұрақты болды. Қазіргі таңда өздеріңіз әлемде не болып отырғанын көріп тұрсыздар. Бұл дағдарыс әрине, қазақстандықтарға да, соның ішінде алматылықтарға әсерін тигізбей қойған жоқ. Өздеріңізге белгілі, соңғы екі жылда теңге айтарлықтай құнсызданып кетті. Менің пікірімше, осы экономикалық жағдайдың бәрі алматылықтардың көңіл-күйіне әсер етіп, олардың сайлаудағы белсенділігін төмендетті" дейді комиссия төрағасы.
"Біздің болжамымыз бойынша Алматыда сайлауға дауыс берушілердің 30-40 пайызы келуі тиіс болатын. Болжам дәл келді, көрсеткіш 34,1 пайызды құрап отыр. Бұл дамыған елдердің барлығындағы орташа көрсеткіш. Яғни, Алматы бұл тұрғыдан келгенде әлемдік, еуропалық стандарттарға жақындап келеді. Біз сайлауға келіп дауыс бергендердің де, сайлауға келуді жөн санамағандардың да пікірін құрметтеуіміз керек" деп атап өтті Б.Доспанов.
Айта кетейік, кешегі сайлауда Алматы қаласында барлығы 532 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Тіркелген дауыс берушілердің жалпы саны 1 038 022 адамды құраса, олардың 353 965-і дауыс беруге келген.