$ 494.87  520.65  4.91

«Әй-шәй жоқ, «кредитімізді кешіріңдер!» деген қандай талап ол?»: еліміздегі митингтердің сиқы сыналды

«Жүз қырық бес руға» бөлінген қазаққа әкімі мен депутатын өздеріне сайлаттыратын болса, әр ру өз әкімі мен депутатын сайлап алып, қазақтың 1045-ке бөлінетінін Мұхтардың білмегені қалай?» - дейді желі белсендісі.
фото: sputniknews.kz
фото: sputniknews.kz

Желі белсендісі Төртуыл Шоқан бұл жолы елдегі «митингқұмарларды» сын садағына алды. Ол facebook парақшасында өзінің ондай шараларға не үшін қатыспайтынын баяндады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Мен неге митингіге шықпаймын?! Мәселе жеке басымның моральдық, не материалдық жағдайымның жақсылығынан емес, өзгеріс болғанын мен де қалаймын. Бірақ, митинг өткізу тәртібін әлі де білмейтін, «өлмеген аю терісін бөлісе алмай» жүрген лже-оппозиция топтарының ұрандарына қосыла алмаймын.

«Келе сала өткізетін сайлауда халық өз әкімдері мен депутаттарын сайлап алатын болады» деген Мұхтарың да (Әбілязовты айтады, - ред.), «Кредиттік амнистия» деп ұрандаған Жанболат та «сағым қуғандар» қатарынан.

«Жүз қырық бес руға» бөлінген қазаққа әкімі мен депутатын өздеріне сайлаттыратын болса, әр ру өз әкімі мен депутатын сайлап алып, қазақтың 1045-ке бөлінетінін Мұхтардың білмегені қалай? Сосын ол түрмеден шыққанда, оған сеніп тапсырылған халықтың 7,5 млрд АҚШ $-ы қайда? Ол түрмеге кеткенге дейін Ресей, т.б. шет елдердегі бизнесіне салынған өз ақшасы қайтқан жоқ. Ал «курорттан» келгеннен кейін қазақ халқына тиесілі ақшаны шетке шығарып, өз есебін түгендеп алған адам ол.

Ол ұрлаған 7.5 млрд $ – Назарбаевтың ақшасы емес, ол уақытша иелік еткен халықтың ақшасы! Қазынаның кірісі мен шығысы туралы аздаған білімдерің болса, осыны ұғар едіңдер», - деген жазба авторы, Мұхтар Әбілязовтан кейін Жанболат Мамайға тоқталып өтті.

Айтуынша, Жанболат Мамай – әзірге Әбілязовтер сияқты жемқорлыққа белшеден батпаған, миллиардтарды місе тұтпас ашкөздіктен ада саясаткер.

«Жанболат – бұл жағынан таза адам! Ал ол ұрандап жүрген «кредиттік амнистияға» қай банк келіседі, айтыңдаршы? Кредитті үстеме пайызбен беріп, соған күнін көріп отыру – банктің негізгі мақсаты, табыс көзі емес пе?! «ДПК»-ның «ДВК»ға противовес/альтернатива ретінде құрылғанын шынымен ұқпай жүрсіңдер ме?

Бүгінгі митингтер 200% биліктің қадағалауында өтті. Оны мойындаңдар! Өйткені, билікке қойылған талаптар «орта жолдан» қойылып отыр. Ең бірінші, қазына қаражаты кірісі мен шығысын ашық жария етілуін талап ету қажет. Сосын барып пайызы төмен несие мен әлеуметтік аз қамтылғандарға көмек сұрау керек. «Жұмыс орындары ашылсын!» деп сұрау керек!

Кәсіпорындарда маман жоқ. Оны оқытатын білікті оқытушы жоқ. Мұнай саласында жұмыс істейтіндердің айтатыны, «Шетел адамына 5 млн, бізге 500 мың ғана төлейді» дейді. Өйткені, маман емессің! Сені оқытуы керек ЖОО-лар былықтан бас көтере алмай отыр! «Жайлаған жемқорлық жойылсын» деп сұрап жүрген бір адам жоқ», - деп жеткізді өз ойын, бүркеншік есімді жамылған азамат.

Одан әрі «Әй-шәй жоқ, «кредитімізді кешіріңдер!» деген қандай талап ол? Халық өз талабын билікке орындатуы үшін әрбір адам білімді болуы қажет! Кімнен нені қалай сұрау керектігін білмейінше, бәрі бекер! Халықтың жартысын мешіттен молда басқарса, қалғаның жағымпаз болсаң, көрген күнің осы, қазақ!» - деп «қол сермеді» ол.

Сөз соңында «Ал елді неге өзің басқарып шықпайсың?» деп пікір жазатындарға алдын-ала жауап беретінін ескертті. Айтуынша, ол «қоғамда бар проблеманы көтерсең, пікір жазбақ түгіл, оқып алып, лайк басуға ерінетіндердің тілінде көсем, қолдарында көсеу болғысы келмейді» екен.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары