Өткен аптада Астанадан Ұлан-Батырға ұшуы тиіс әуе рейсінің ұшпай қалғанын отандық БАҚ-тар жарыса жазды. Артынша бұл жайтқа түрлі түсініктеме берілді, Қазақстан мен Ресей арасында арнайы келіссөздің болмағаны айтылды. Алайда, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Рахым Ошақбаевтың айтуынша, ресейлік тарап небәрі 300 шақырым үшін жоқ жерден пайда таппақ болған көрінеді. Бұл жайында министрдің орынбасары өзінің Фэйсбуктегі парақшасында мәлімдеді.
«Росавиация Қазақстанның ұлттық әуе тасымалдаушысына Ресей аумағындағы 300 шақырым кеңістікті тегін ұшып өтуге тыйым салып отыр. Бұл өз кезегінде 27 наурыздан басталуы тиіс болған Астана - Ұлан-Батыр тұрақты әуе рейсінің ұшуына кедергі болуда. Аталған рейс "100 нақты қадам" Ұлт жоспарының 67-ші қадамының аясында жүзеге асуы тиіс еді» дейді Р.Ошақбаев.
Оның айтуынша, ҚР мен РФ үкіметтері арасында 1994 жылдың 28 наурызында жасалған келесімге сәйкес, қос тараптың ұшақтары үшінші мемлекетке бір-бірінің әуе кеңістігі арқылы қосымша келіссөзсіз ұша алады. Сондай-ақ, ИКАО анықтамасына сәйкес, Қазақстаннан Моңғолияға, Қытайға, Оңтүстік Кореяға ұшулары Транссібір бағыттарымен (ТСБ) байланысты емес. ТСБ-ға Еуропа мен Азия арасындағы әуе қатынастары ғана кіреді.
«Транссібір бағытымен ұшатын әуе компанияларынан "салықты" Ресей сонау КСРО заманынан бері алып келеді. Ең алғаш рет «Люфтганза» әуе компаниясы Германиядан Токиоға рейсін ашқан кезде Мәскеу әуежайына тоқтап, жанармай толтырып алатын. Ол үшін келісім аясында ақшасы төленіп отырды. Ал, кейінірек неміс компаниясы алысқа ұшатын ұшақтар сатып алған кезде Мәскеу әуежайы қажет болмай қалды. Миллиондаған қаржыдан айрылған Кеңес үкіметі мұнан кейін «Люфтганзаға» Транссібір бағытымен ұшқаны үшін қайта салық енгізді. Мұны өздері роялти деп атайды. Роялти жанармай мен уақыт үнемделгені үшін төленеді. Ал, қазақстандық тасымалдаушыларға роялтидің қатысы жоқ. Өйткені, қашықтық алыс болмағандықтан жанармай үнемділігі туралы сөз қозғалмауы тиіс. Сондай-ақ, Орталық Азиядан Азияның өзге бұрышына ұшып бару Транссібір бағытымен байланысты емес. Соған қарамастан Ресей тарапы қазақстандық ұшақтарды өз кеңістігінен ұшып өтуіне тыйым салуда. Бұл транзиттік стратегияның дамуына тосқауыл болып отыр» дейді ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі.
Қазақстан болса өз кеңістігінен Ресей ұшақтарының өзге елдерге ұшып өтуіне еш кедергі келтірмеген. Апта сайын ресейлік 640 рейс Қазақстан үстімен ұшып өтеді. Осыған қарамастан РФ Қазақстан Аэрофлотпен қосымша қаржылық келісімге келу тиіс деген талабын қойып отырған көрінеді. Дегенмен, небәрі 300 шақырым үшін Ресей тым көпті сұрауда дейді Ошақбаев. Сондықтан, тараптар келісімге әлі келген жоқ.