Әріптесіміз Думан Бықай facebook парақшасында Қазақстанның кедей ел екендігін бір емес, екі министрдің «лайықты бағалап», жасырмай айтқанын алға тартты, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Біртановтың «біз кедей елміз. Карантинді көпке соза алмадық» дегенінен шығады... «Бір елдер неліктен бай, енді бірі неге кедей?» деген құнды еңбек бар. Кітап авторлары – атақты экономистер, елдің дамымай отырғанын қолайсыз климаттан көретін «көреген» басшылардың болжамын жоққа шығарады.
«Кедей елді кері тартып отырған климат та, халықтың менталитеті де емес. Бұған кінәлі – билік басындағы тойымсыз топ. Ақпарат құралдарының аузы буылған, әділ сайлауды өңі түгіл түсінде де көрмеген, сот билігі жүйенің жандайшабына айналған ел ешқашан бай мемлекет бола алмайды. Баю жолына түсе алмайды...» деген тоқтамға келеді кітап авторлары.
Осы арада Өзбекстанға шәй өсірем деп келген америкалық компанияның бизнесін тартып алған Гүлнәр Кәрімованы, қара құрлықтағы құжынаған диктаторлардың «дәстүрінен» айнып, демократияны таңдаған Ботсвананы, АҚШ-та бизнес бастамақ боп, әділ бәсекеге төтеп бере алмай, тоңқалаң асқан алаяқ миллиардер Карлос Слимді мысалға келтіреді.
«Жетістікке жеткен елдердің аса бір алып бара жатқан құпиясы жоқ. Олар тек саяси институттарға еркіндік берді. Ал кедей елдің көсеміне халықты қайыршы кепте ұстаған тиімді. Тақыр кедей елде таланттар тапшы болады...» - дейді енді бірде кітап авторлары.
Солай. Біртановтың «біз кедей елміз. Карантинді көпке соза алмадық» дегенінен шығады... Сөй дей отыра бір кісінің 30 жылғы төккен терін еш кетірді-ау. Артынан ағат кеткеніне өкінген де шығар.
Өткен жолы министр Нұрымбетов те кедей екенімізді мойындаған. Төтенше жағдайға дейін де елдің өлместің күйін кешкенін, жалақының мардымсыз, зейнетақының төмен екенін айтқан еді.
Біз кедей елміз. Өткен 30 жылға берілген ең лайықты баға Біртанов және Нұрымбетовтің аузымен айтылды» деп жазды Думан Бықай.
Еске сала кетсек, былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де Euronews арнасына берген сұхбатында: «Халық көшеге кедейліктен шықты», - деп тоқетерін бір-ақ айтқан болатын.
«Қазір митингіге қатысқандардың талаптары қаралып жатыр. Негізінде бұл – әлеуметтік сипаттағы талаптар. Мұндай мәселелердің бар екенін жоққа шығармаймын. Олардың дені – адамдардың кедейшілікте өмір сүруінен. Олар Үкіметтен әлеуметтік-экономикалық проблемаларының шешілгенін талап етуде. Билік естіді. Біз жұмыс істейміз», - деген еді сонда ол.
Ал қазір әлемдік дағдарыстың басталғанын еске алсақ, жоғары билігінің өзі мойындап отырған кедей елдердің күнкөрісі не күйде болар екен? Ойлаудың өзі қорқынышты...