Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына орай Мәскеуде, Қызыл алаңда өткен әскери парадқа қатысып, «Белгісіз солдат» қабіріне гүл шоғын қойды. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің бастамасымен Мемлекет басшылары және Үкімет жетекшілері деңгейінде өткен салтанатты шараға Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Молдова Президенті Игорь Додон, Сербия Президенті Александр Вучич, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, сербтерден Босния және Герцеговина Президиумының төрағасы Милорад Додик, сондай-ақ, бірқатар халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты.
Салтанатты шеруде 13 мыңнан астам әскери қызметші, 216 әскери техника және әртүрлі 75 әскери ұшу аппараты сап түзеді.
Қызыл алаңнан 53 жаяу әскер колоннасы, ТМД елдері және басқа да шет мемлекеттердің қарулы күштерінен құралған 13 топ салтанатты түрде сап құрап өтті. Аталған шараға Қазақстан Республикасының атынан десанттық шабуылдаушы әскери бөлімінің 55 сарбазы қатысты.