Белгілі заңгер, Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің белсенді мүшесі Айгүл Орынбек Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай Шымкент қаласы әкімінің қолынан алған алғыс хатын қоқыс жәшігіне лақтырды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Заңгердің айтуынша, тек мерекеде ғана алғыс айтып, қалған уақытта адамға қоқыс ретінде қарайтындардан әбден көңілі қалған. Сол секілді Алғыс хатқа қоса берілген ақшалай сыйлығынан да бас тартқан.
«Ақпарат майданында халықтың үнін жеткізу үшін, мемлекетіміздің өркендеуіне үлес қосуға барынша жүгіріп жүремін! Ешкімге міндетсінбегем жасаған істерім үшін, ешкімнен әрбір ісіме өтем ақы немесе алғыс сұрамағам!
Ең бастысы елімінің тыныштығы, халқымның амандығы деген ұранмен жүрдім! Халық пен билік арасындағы алтын көпір болып, азаматтық көзі ашық қоғам құру ниетім еді! Ниетімнің, болашаққа деген үмітімнің күл талқанын шығардыңдар! Тек мерекеде алғыс айтып, қалған уақытта адамға қоқыс ретінде қарап, шырылдатып үніңді тыңдамай жатқан әкімдіктен не үшін алғыс алуым керек? “Қоғамға үлесіңізді қосып жатқаныңызды білеміз”- деп жазыпты, көрдім көріп отырғандарыңызды, іспен дәлелдедіңіздер!
«Дамыған мемлекетпіз, біз де бәрі керемет, біз біргеміз» - деп өтірік ұрандаудың керегі не, адам өмірін сақтап қалуға қолдан келгенін жасай алмай жатқан да? Халық ештеңеге кінәлі емес! Мемлекет әрбір ауырған азаматының жағдайын жасауға міндетті! Халықты қоқысқа лақтырғандай лақтырып тастап жатқан кезеңде, сіздердің алғыс хаттарыңыздың да орны қоқыста!
Қаржылай сыйлықтарыңа рахмет, ауруханаға қосқан үлесім болсын! Бейшара елдің ауруханаларына дәрі-дәрмек алыңдар! Маған қарапайым халықтың алғысы жетеді!», - деп жазған өзінің facebook желісіндегі парақшасында.
Естеріңізде болса, бұған Айгүл Орынбек өзінің facebook парақшасында Шымкент қаласындағы ауруханалардың сырқаттанып қалған анасын қабылдамай жатқанын айтып, қатарынан бірнеше рет жазба жариялаған болатын.