$ 494.87  520.65  4.91

«Пандемияға қатысты теріс әрі жалған ақпараттар өршіп тұр» - Тоқаев

Мемлекет басшысы қазақстандықтарға коронавирустан емдеудің хаттамасы мен алгоритмін жеткізу керек деп санайды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус жайлы ақпараттандыру жұмысы нашар жүргізіліп жатқанын айтып, оған қатысты тәсілді түбегейлі өзгертуді тапсырды. 

Бұл туралы мемлекет басшысы коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі кеңесте мәлімдеді, деп жазады баспасөз хатшысы Берік Уәли желіде. 

Президент вирустың кең таралуына байланысты тұрғындардан арыз-шағым көп түсіп жатқанын атап өтті. Айтуынша, www.coronavirus2020.kz сайтына қырық мыңға жуық сұрақ келген. Оның тек үштен біріне ғана жауап беріліпті.

"Мұндай қарым-қатынастың нәтижесінде теріс әрі жалған ақпараттар өршіп тұр. Бұл біздің жұмысымызды одан сайын қиындатуда. Ақпараттық жұмыстарға қатысты тәсілді түбегейлі өзгерту керек. Телеарналардан, тікелей эфир арқылы дәрігерлерден кеңес алып, сұрақтарына жауап алатын күнделікті бағдарламаларды ұйымдастыруға неге болмайды?", - деді Тоқаев кеңесте. 

Мемлекет басшысы қазақстандықтарға коронавирустан емдеудің хаттамасы мен алгоритмін жеткізу керек деп санайды. Сонымен қатар, ол дәрі-дәрмектер мен оны пайдалану жөнінде түсініктеме беруді тапсырды. 

Бұған дейін кеңесте Тоқаевтың премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов пен Ақтөбе, Павлодар облыстары мен Шымкент әкіміне сөгіс жариялағаны хабарланған болатын. 

Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан мен Алматы әкімдері, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі ескерту алды. 

29 маусым күні ел президенті коронавирус індетінің таралуына қарсы шаралар қабылдау жөнінде кеңес өткізіп жатыр. Жиында мемлекет басшысы қазіргі ахуалға баға беріп, азаматтардың денсаулығын сақтаудың сапасын арттыруға бағытталған шараларды жариялайды. Сондай-ақ, экономиканы қолдау және халықты әлеуметтік қорғау мәселесі де қаралады деп жоспарланған. Жиынға үкімет мүшелері, бірқатар ведомство басшылары мен облыс әкімдері қатысуда.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#коронавирус