Қазақстан министр ауыстырғыш елдердің бірі. Соған сәйкес мекемелердің жоспар-сызбасы, атынан ат үріккен бағдарламалары да жиі алмасып, миллиардтар бөлінген жобалар аяқсыз, еш сұраусыз қалып жатады. Есесіне, қордаланған мәселе шешілмейді. Баяғы жартас - сол жартас күйі қала береді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Кеше ғана Біртановтың орнын басқан су жаңа министр Алексей Цой да өз қызметіне «ҰЛТТЫҚ ЛОКДАУН!» деген ұранмен кірісіп жатыр. Келген бойда қалғып тұрған денсаулық сақтау саласын сауықтырып, коронавирус пандемиясының бетін қайтаруға мүмкін береді деп Мемлекет басшысына бір емес үш сценарий әкеліп ұсынып жіберді.
Бас дәрігердің айтуынша, бұл жоспардың екеуі ұлттық локдаунға негізделген. Яғни бірінші сценарий бойынша карантин жарияламай осы қалпы отыра берсек, тамыз айының соңына қарай COVID-19 жұқтырушылардың саны тәулігіне 27 мыңға дейін жетуі мүмкін екен. Инфекциялық және провизорлық стационарларда орындарға деген қажеттілік те 300 мыңға жетпек.
«Екінші сценарий екі апталық ұлттық локдаунды қамтиды. Бұл ретте ауруханаға жатқызуды талап ететін күніне жеті мың жағдайға дейін тіркелетін болады. Үшінші сценарий төрт апталық локдаун болса, эпидемияның дамуын көрсетеді. Ол кезде тамыз айының соңында бұл көрсеткіш 2500-ге дейін азаяды. Соған сәйкес, төсек қажеттілігі 30 мыңға дейін түседі», - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі Цой мырза Ақордада өткен кеңес барысында.
Сөйтсек, Цой мырзаның локдаун деп жүргені төтенше жағдайға байланысты белгілі бір аймаққа еркін кіру немесе шығуға тыйым салу дегенді білдіретін сөз екен. Айналып келгенде карантин сөзінің басқаша атауы болып шығады.
Цойдың бұл бастамасы әлеуметтік желі бетінде де қызу талқыға түсіп үлгерген сыңайлы. Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төралқа төрағасы, белгілі кәсіпкер, сарапшы Рашид Жақсылықов та атауын өзгерткенімен мәселенің шешілмейтінін айтыпты. Оның айтуынша, локдаун - аты әдемі болып өзгерген Төтенше жағдай ғана.
«Жаңа Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, Қазақстандағы коронавирус жағдайы таралуының алдын алу үш сценарий бар. Бірінші сценарий - карантинсіз. Бұл жағдайда тамыз айының соңында күнделікті COVID-19 жұқтырғандар саны 27 мыңға жетеді. Ауруханаларда 300 мыңдай жатын орны керек болады. Екінші сценарий – екі апталық ұлттық локдаун. Бұл жағдай болғанда күнделікті коронавирус жұқтырған жеті мың адамның ауруханада жатып емделуіне қажеттілік туындайды. Ауруханаларда жалпы 80 мың жатын орны керек.
Министр үшінші сценарийдің тиімділігін атап айтты. Ол – төрт апталық ұлттық локдаун. Бұл нұсқадағы болжам бойынша күнделікті 2500 жұқтырушы тіркеліп, 30 мың жатын орынға қажеттілік туындайды. Локдауынды енгізу шілденің 3 мен тамыздың 3 аралығында жобаланып отыр.
Неге Локдаун? Төтенше жағдай жарияласа халыққа ақша төлеу керек, бақыр-тиын санап отырған мемлекетке мүлдем тиімсіз! Жақсы, қабыл алдық Локдаунды. Енді осы жағдайды пайдаланып, үйінде отырған елден ПЦР алса дұрыс болар еді. Жылдам індеттің ошақтарын залалсыздандыруға пайдалы. Тағы да құр үйқамақ тәсілін пайдаланбай. Дамыған елді айтпағанда, Түркияның өзі бүкіл азаматтарына кез келген жерде, қалаған уақытында тегін ПЦР өтуге мүмкіндік тудырып отыр. Меніңше, тағы да Үкіметтің Локдауны өздерінің нокдаунымен аяқталды! Мен сенбеймін сіздерге! Құр сөздеріңіз бен нәтижесіз істеріңіз қажытты!», - деп жазған өзінің facebook парақшасында.