Саясат 10.07.2020 сағат 20:20

«Қазаққа қастандық жасалды!»: Айнұр Тұрсынбаева биліктен өзіне көмек сұрады

«125 аппаратты таратудың билігін өзімізге берсеңіздер екен. Қорғаныс министрлігі арнайы ұшақ жібертсе, тұтас апаруға болады», - дейді ол.
«Қазаққа қастандық жасалды!»: Айнұр Тұрсынбаева биліктен өзіне көмек сұрады
фото: sputniknews.kz
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Қазір Түркияны паналап жүрген айтыскер Айнұр Тұрсынбаева Instagram әлеуметтік желісі арқылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға және Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевқа үндеу жолдады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Осылайша, ол өзінің әлеуметтік желі арқылы халықтан жиналған ақшаға 125 жасанды тыныс алу аппаратын сатып алғанын, алайда, оны жеткізу мен таратуда қиындық туындағанын айтып отыр.

«Қазақтың даласы қан сасып тұр. Адамдар шыбынша қырылып жатыр. Адамдар өз ажалынан емес, дәрінің жоқтығынан, жағдайдың жоқтығынан, апараттардың жоқтығынан, ауруханаларда орындардың жоқтығынан өліп жатқанын мойындауымыз керек! Қазаққа қастандық жасалды! Осы жағдай жүрегімізге батқан соң, біз қоғам белсенділері қосылып, халықтан ақша жинадық!» - деген айтыскер, әлгі 125 аппаратты Түркиядан сатып алғандарын жеткізді.

Айтуынша, аталған аппараттар Қазақстанда 500-800 мың теңгеге сатылып жатыр екен.

«Халықтың ондай қымбат аппарат алатын жағдайы жоқ екенін менсіз де білетін шығарсыздар деп ойлаймын! Елшіліктің көмегімен шекара шығынынан да құтылғандай болып едік. Бірақ, 125 аппаратты, яғни 2 тонна жүкті тұтас жіберетін мүмкіндік жоқ екен!!! Ендігі жанайқайымыз мынау!

Біздің тірнектеп жинап алған аппараттарымызды Қазақстанға барған соң СК «ФАРМАЦЕВТИКА» («СК-Фармация» - ред.) деген мекеме қабылдап алады екен. Ол мекемеге халық та, халықтан ақша жинаған белсенділер де сенбей отыр! Себеп: осы уақытқа дейін шет елдерден келіп жатқан көмектердің жоқ болып кетуі! Сондықтан осы аппараттарды таратудың билігін өзімізге берсеңіздер екен. Қорғаныс министрлігі арнайы ұшақ жібертсе, тұтас апаруға болады!» - дейді Айнұр Тұрсынбаева.

Өзі Түркиядағы бір зауыт басшылығымен сөйлесіп, 2 аптада 500 апарат алатын болып келісім-шарт жасамақшы екен. Олар ең арзан бағаға келісімін беріпті.

«Егер қоғам белсенділеріне аппараттарды Қазақстанға жеткізуге көмектесіп, таратуға мүмкіндік берсеңіздер, 2 аптаның ішінде 500 аппараттың ақшасын жинап береміз. Бар мүмкіндікті пайдаланып қалайық», - дейді «Айдың нұры» қорының жетекшісі ретінде үндеу жазған ол.

Еске сала кетсек, бүгін үкіметтің кеңейтілген отырысында президент коронавируспен күрес саласында туындаған қиындықтар үшін кінәлі адамдарды жауапқа тартуға тапсырма берді. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен «СК-Фармация» басшылары жұмыстан шығарылсын немесе тергеуге алынуы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сынға алған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Айбатыр Жұмағұловтың әйелі, тележүргізуші Гүлбаршын Зайырова жариялаған жазбаның скриншоты желіде тарап кеткен болатын. Ол күйеуінің өзіне «он екінші көлік сыйлағанын» жазған еді.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар