14.04.2016, 05:51

Владимир Школьник ҚР Президентінің кеңесшісі болып тағайындалды

Жуырда ғана ҚР Энергетика министрі лауазымынан босаған Владимир Школьник жаңа қызметін көп күткен жоқ. Ол ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болып тағайындалды деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Бүгін Астанада "Еуразия" халықаралық бағдарламасын талқылауға арналған дөңгелек үстелдің өтіп жатқаны белгілі. Жиынға Энергетика министрі Қанат Бозымбаевпен бірге мұнай-газ компанияларының өкілдері де қатысып жатыр. Аталған шараның баспасөз парақшасында бірнеше спикердің аты-жөні көрсетілген. Олардың қатарында Владимир Школьник те бар, оны ведомство өкілдері ҚР Президентінің кеңесшісі ретінде көрсетіпті.

Естеріңізге салайық, Школьник ағымдағы жылдың 25 наурызында Президент жарлығымен министр лауазымынан босатылған еді.  Оның орнына бұған дейін Павлодар облысын басқарып келген Қанат Бозымбаев тағайындалды.