Тоқаевтың өзі бірнеше рет пәрмен беріп, бақылауға алуды тапсырып жатса да еліміздің дәріханаларындағы дәрі тапшылығы әлі шешілген жоқ. Жұрт қарапайым парацетамол, аспирин мен аскорбин қышқылының өзін таппай сандалып жүр. Амалсыздан кейбір тұрғындар шекара асып, Ресейден дәрі тасуға мәжбүр бола бастаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ғаламтор бетінде ресейден дәрі алып келе жатқан бір жігіттің бейнежазбасы жарияланды. Ержан Омарханов есімді бұл жігіт дәрілерді қайырымдылық мақсатында елге тегін таратпақшы екен.
«Семейдің жігіті Ресейге барып, дәріге көлігін толтырып әкеле жатыр. «Ақшам көбірек болғанда, фурамен әкелер едім» дейді. Ертең Семейге жетеді. «Ыбыраев көшесі, 113, 31 орта мектеп жақ. 1-пәтерден күн болсын, түн болсын, келіп ала беріңіздер керек дәріні. Қазір Барнаулға тоқтап, тағы алам» дейді. Жолдасы да дәрі алып, артынан келеді екен. Мейірім, рақымы мол, елім деген азаматтар осылай, үйінде жата алмай, жолға шығыпты. Алла істерін сәтті етсін!», - делінген Анар Кабдуллина есімді facebook қолданушысы бөліскен бейнежазбада.
Ержанның айтуынша, Қазақстанда қат болып тұрған бұл дәрілерді Ресей дәріханаларынан су тегінге алған. Желіде өзінің телефон нөмірін қалдырған. «Қолдан келгенше көмектесіп, қажеттінің барлығын тауып беруге тырысамыз», - дейді Ержанның өзі.