24.07.2020, 16:00

«Қазақстанда педофилдерді ату керек» - сенатор

фото: parlam.kz
Айуанға адам құқығы деген мүсіркеумен қарауға болмайды!

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп Қазақстанда педофилдарды ату керек деп есептейді. Бұл туралы ол facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Айуанды атуға болады! Азғындық жолға түсіп, адамдық қасиетінен айрылған адамды біздің қазақ «айуан» дейтін… Жалғыз Сәтбаев қаласында ғана емес, республика көлемінде педофил көбейді. Бұл – айуандар көбейгенін аңғартады. Құтырған иттің өзін атып тастаймыз! Адамнан айуанға айналғандарды неге атуға болмайды?!. Айуанға адам құқығы деген мүсіркеумен қарауға болмайды!» деп жазған Нұртөре Жүсіп.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 23 шілде күні Қарағанды облысына қарасты Сәтбаев қаласында 5 жасар қыз жоғалып кеткен еді. Оны жергілікті полиция мен қала тұрғындары бірлесе іздеді. Нәтижесінде, сәби көп қабатты тұрғын үйлердің бірінен табылған. Қасында ер адам болған.

Жиналған жұрт күдіктіні жазаламақшы болған. Оның арты тәртіпсіздікке ұласып, халық күдіктіні жазаға тартуды талап еткен. Бүлдіршін табылған үйдің кіреберісін қоршап алған. Ашулы топ өз талаптарымен полиция кеңсесіне де барған. Олар жандырғыш қоспаларды лақтырып, бірнеше автокөлік жанып та кетті.

Қарағанды облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір Сәтбаев қаласында жағдай тұрақтанған. Күдіктіге қатысты тергеу амалдары басталып кеткен. Ал бес жасар бүлдіршін ауруханаға жатқызылды.