Заңгер Камиша Есмұхамбетқызы facebook парақшасына Алматы қаласының Медеу ауданының жастары көшеде ұрлық телефон сатып, жалға ескі пәтерлерді өткізіп, әрең жан бағып жүргендерін жазды. Ал аудан әкімі өз кандидатурасын Сенат депутаттығына ұсынып қойған, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Кілең сотка сатып алатын, сыған секілді сағалап жүрген жастар, Отан қорғаудың орнына жиылып алып өсек айтып, түкіріп отырады. Пушкин көшесінің бойын тазалауды талап етемін. Мәметова көшесінен сәл жоғарырақ кіл квартира беретін бір топ сыған секілді әйелдер жүр. Бәрі өз ұлтымыздан, алайда, қылықтары – жабайы. Егер ұрлық соткаларды сатып отырмаса, ресми түрде тіркеліп қызмет етпей ме? Жалпы, қайыры жоқ», - дейді заңгер.
Оның айтуынша, жалға арзан пәтер беретіндердің тазалықпен мүлде ісі жоқ.
«Квартира беретіндер туралы ауызбен айтып жеткізе алмаймын. Біреулерді кіргізіп, артынан төсекті тазаламай, сол күйі екінші біреуге бере салады. Сондай пәтерді беріп отырған Дәулет деген біреу участковый мен маған бой бермегендіктен, енді Райымбек 82/90 үй, 81 пәтер иесіне шара қолдануды бастадым. Көршілерім қолдады», - дейді.
Солардың бәрін қадағалап отыруы тиіс Медеу ауданының әкімдігін әлеуметтің әл-ауқаты емес, саяси сатысы қатты алаңдататынға ұқсайды.
«Міне, менің ауданым осындай. Осыны білетін Медеу ауданының әкімі ауданды игере алмай отырып, өзін Сенатқа ұсыныпты. Шалдар бір істі тындыра алмай жатып, Сенаттағы орынға жайғасқанша асығады. Осыдан кейін жастар сыған секілді әр жерді сағаламағанда, жұрттан ұрлап күн көрмегенде, не істеуі керек? Кіл шалдар қашан тояды? Медеу ауданының әкімі қызметтен кетсін!» - деп қынжылып отыр Камиша Есмұхамбетқызы.