Беларусь астанасы Минск қаласындағы наразылық шаралары әлі де жалғасып жатыр. Күштік құрылымдар өткен түні қарсылық білдіріп көшеге шыққандарға жарық-дыбыстық қол гранатасы мен көзден жас ағызатын газ, резіңке оқ қолданған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Кейбір дерек көздерінің жазуынша, журналистер соққыға жығылған. 11 тамызда милиция тарапынан шабуылға ұшыраған БАҚ өкілдерінің арасында BBC журналистері болған. Абай сайтының жазуынша, қара киімдегі белгісіз адамдар журналистерден аккредитацияны талап еткен. Олардың бірі тілшінің мойнындағы журналист екенін куәландыратын куәлігін үзіп, қолындағы камераны жұлып алған. Журналистер камераны қайтаруды талап еткенде, милиция қызметкерлері оларды ұра бастаған. Бірақ журналистерді ұстамаған.
NEXTA Live телеграм-каналы жарақат алған бес жасар қыздың фотосын жариялады. Аталмыш дерек көзінің жазуынша, ол ОМОН қызметкерлерінің дубинкасынан жарақат алған.
Александр Лукашенконың бұл қадамы ұзамай саяси карьерасына нүкте болып қойылуы мүмкін екенін айтып жатыр. Бірқатар Еуропа мемлекетінің билік өкілдері қатқыл мәлімдемелер жасап, бейбіт түрде наразылық білдіргендерді қудалауды тоқтатуды талап етіп жатыр.
Мәселен, АҚШ Сенатының Халықаралық істер жөніндегі комитетінің басшысы Джим Риш Беларусь Президенті Александр Лукашенконыңқайта сайлануы демократиялық жолмен болмаған болса, өз еркімен қызметінен кетуге шақырғаны белгілі болып отыр.
«Лукашенко мырза кешегі дауыс беру нәтижелерін шынайы есептеуге мүмкіндік беруі керек және ол демократиялық жолмен қайта сайланбаған болса, өз еркімен қызметінен кетуі тиіс. Сондай-ақ, ол Беларуссия үшін өзге жол іздейтіндерге қарсы бұқаралық ақпарат құралдарын жаншуды, интернетті өшіруді, қамауға алуды және зорлық-зомбылықты дереу тоқтатуы қажет. Биліктің бейбіт жолмен берілуі Беларуссияның болашағы мен оның егемендігі үшін өте маңызды», - делінген Джим Риштің мәлімдемесінде.
Айтпақшы, қазнетте де көрші елдегі саяси жағдай қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушылардың көбі Беларусь басшысының бұл тірлігін қолдамайтынын білдіріп жатыр.
Мәселен, белгілі ақын, журналист әрі қоғам белсендісі Серік Елікбай бұл оқиға елдің есіне Әміржан Қосановты қайта түсіргенін жазған.
«Беларуссияның заңсыз президенті, (иә заңсыз) халыққа қарсы резеңке оқтар жаудыра бастады.
Ұру...
Соғу...
Енді түрмеге тоғыту секілді процестер күш алды.
Бұның аяғы Муссолини секілді аяғынан ілінуге әкелері хақ.
Бұған шүбәңіз болмасын!
1905 жылғы "қанды жексенбіде" патша Николайдың халықты қырып тастауы (мың адам) аяғында бүкіл жанұясымен атылуға
әкелді!
ТАРИХ ЕШТЕМЕНІ ҰМЫТТЫРТПАЙДЫ...
Өкінішке орай, Еуропадағы "соңғы" диктаторды құттықтаушылардың алды болғанымыз-жан ауыртады.
Жаңаөзеннің елесі-әлі бізді тыныш ұйықтатпас...
Тихоновская елін тастап кетті - себебі күйеуі Лукашенконың қолында!
Қосанов қазақты тастап кеткен, себебі жүрегі Ақорданың қолында еді...», - деп атап өткен ол Адырна сайтына берген сұқбатында.