Алматы облысы Кербұлақ ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының бөлім бастығы 35 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырған. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бірінші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Биғайдаров мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдікпен «Алматы облысы Кербұлақ ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы мен басқа да азаматтарға қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Олар 2019 жылдың шілде-тамыз айларында «Сарыөзек ауылының сумен жабдықтауын ағымдағы жөндеу» объектісі бойынша нақты орындалмаған жұмыстар үшін 35 855 570 теңге көлеміндегі соманы аудару арқылы бюджеттік қаражатты жымқырды», - дейді Данияр Биғайдаров.
Қазір тергеу амалдары жалғасуда. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүдделеріне байланысты басқа ақпарат жария етілмейді.
Тергеушінің айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өткен бір аптаның ішінде 80-нен астам сотқа дейінгі тергеуді тіркеген. Оның ішінде 12 лауазымды тұлға ұсталып, 10 адамға қатысты «Қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылған.