03.05.2016, 09:14

АҚШ елшісі батыс облыстарға $150 үшін емес, 100 қадам үшін барған

АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі еліміздің батыс өңірлерінде орын алған митингтердің артында америкалықтар тұр деген пікірлерге қатысты мәлімдеме жасады. Әлеуметтік желілер мен БАҚ-та жарияланып жатқан осынау материалдар шындыққа жанаспайды дейді елшілік өкілдері.

"АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі қызметкерлері күнделікті жаңалықтарды жібермей оқып отырады және аталған пікірлерден де құлағдар. Бұл ақпарат - жалған" делінген елшіліктің бірінші хатшысы Дэвид Гамблдың Tengrinews.kz тілшілеріне берген жауабында.

Дипломаттар елші Джордж Кролдың осыдан бір айдай уақыт бұрын Қазақстанның батыс өңірлерін не үшін аралап келгенін де айтып өтті.

"АҚШ елшісінің іс-сапар бағдарламасы ашық болды, ол Атырау мен Ақтау қалаларының әкімдерімен жолығып, екі ел арасындағы достық байланыстың 25 жылдығы аясында пікір алмасты, инвестиция көлемін арттыру мәселелерін талқылады Сонымен қатар, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "100 нақты қадам - Ұлт жоспарын" жүзеге асыруда елшіліктің жоспарларымен бөлісті" дейді АҚШ елшілігінің бас хатшысы.

Аталған сапар барысында Джордж Крол Ақтау портында болып, кейін Маңғыстаудың әулиелі жерлерін аралаған. Сондай-ақ, ол Атырау кітапханасында лекция оқыды.

Айта кетейік, 2016 жылдың 1 шілдесінде қолданысқа енетін Жер кодексіне қарсы қазақстандықтар соңғы екі аптада бірнеше митинг өткізіп үлгерді. Атырауда басталған шеру Ақтөбе мен Семей, Ақтау мен Жаңаөзен және Қызылорда қалаларында жалғасын тапты. Наразы топтың талабы - жердің сатылуы мен шетелдіктерге жалға берілуіне тыйым салу. 

Ал, әлеуметтік желілерде осынау митингтердің артында АҚШ пен Батыс елдері тұр дегенді айтушылар аз емес. Тіпті, "Еуразия" бірінші арнасы әлдебір сыртқы күштердің митинг қатысушыларына 150 АҚШ долларынан таратып жатқанын сеніммен мәлімдеді. Азаттық тілшісіне жауап берген Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан да митингтерге әлдебір сыртқы және ішкі күштердің қатысы бар екенін айтқан болатын.