05.05.2016, 13:04

Ерболат Досаев отставкаға кетті

ҚР Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев қызметінен босады деп хабарлайды Tengrinews.kz. Бұл ақпаратты министрліктің баспасөз қызметі растап отыр.

Ерболат Досаев Ұлттық экономика министрі болып 2014 жылдың тамыз айында тағайындалған болатын. Бұған дейін ол (2013-2014 жылдар аралығы) Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігін басқарды. 2012-2013 жылдары Экономикалық даму және сауда министрі болған. Оған дейін Денсаулық сақтау, Қаржы министрліктерін және Табиғи монополияны реттеу және бәсекелестікті қорғау агенттігін басқарған.

Айта кетейік, Досаевтың қызметтен кетуіне былтыр Жер кодексіне енгізілген өзгертулер мен түзетулер себеп болуы мүмкін. Аталған нормаларға сәйкес, Қазақстанның ауылшаруашылық жерлері 1 шілдеден бастап саудаға түсуі және шетелдіктерге жалға берілуі тиіс болатын. Алайда, бұл заңның орындалуына қарсылық білдірген халық соңғы бір айдан бері үкіметке наразылығын білдіруде. Тіпті, Атырау, Ақтөбе, Семей, Қызылорда, Ақтау, Жаңаөзен қалаларының тұрғындары митинг өткізіп, жерді шетелдіктерге жалға бермеуді талап етті. Осыған байланысты бүгін Мемлекет басшысы Ақордада жиын өткізіп, Жер кодексіндегі төрт норманың орындалуына уақытша мараторий жариялады.