Ресей жақын уақытта Беларуське мемлекеттік несие беруді жоспарлап отыр, деп мәлімдеді Ресей президенті Владимир Путин беларусьтік әріптесі Александр Лукашенкомен кездесуінде. Бұл туралы РИА Новости хабарлады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әңгімелесу кезінде Ресей президенті Мәскеу Минскіге 1,5 миллиард долларға несие беретінін, қазір Қаржы министрлері жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
«Ресей жақын арада Беларуське беруді жоспарлап отырған несиені кездейсоқ еске салып отырған жоқпын. Бұл қаржы нарығында да көрініс табады деп сенемін», - деді Путин келіссөздер кезінде.
Сонымен қатар, ол Ресей мен Беларусь аумағында осы жыл ішінде әскери іс-шаралар өткізу қарастырылғанын жеткізді.
«Александр Григорьевич, әскерге қатысты дұрыс айтып отырыз, бізде жоспар бар, ол жүзеге асырылады. Бір жыл ішінде Беларусь аумағында да, Ресей аумағында да ай сайын іс-шаралар өткіземіз. Бұрын қалай жоспарланса, солай болады», - деді Владимир Путин.
Сондай-ақ, Ресей басшысы мәлімдегендей, Ресей мен Беларусь көптеген салада өте терең ынтымақтастық орнатқан. Енді қос ел пандемияға байланысты төмендеген сауда айналымын қалпына келтіруі тиіс.
«Айтпақшы, коронавирус біздің тауар айналымымызға кері әсер етті. Өкінішке қарай, бүкіл әлемде солай болып жатыр, сауда айналымының деңгейі төмендеді. Бірақ, осыған байланысты біз бұрынғы дағдарысқа дейінгі сауда айналымы мен экономикалық қатынастардың деңгейін қалпына келтіріп қана қоймай, алға жылжудың алғышарттарын жасау үшін қосымша күш салуымыз керек деп санаймын», - деді Путин.