Қоғам белсендісі Жанболат Мамайдың несиені кешіру туралы бастамасы жай ғана пиар қадам, популизм болып көрінгенімен, өте өзекті мәселе. Оны көп созбалақтаудың қажеті жоқ деп санайды журналист әрі қоғам белсендісі Жолымбет Мәкіш.
Оның айтуынша, несиенің процентін, несие беретін ұйымдардың жұмысын қайта қарап, бұл мәселені біржақты етіп шешетін уақыт әлдеқашан келіп жеткен, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Жанболаттың кредитті жабу туралы бастамасы сырттай популизм болып көрінгенімен, қазір бұл қоғамдағы ең өзекті проблема болып отыр. Кредит деген халықтың белін қайыстырып барады. Бір кредиттен кейін тағы біреуін алып, тамағынан артылған ақшасын кредитін жабуға жұмсап жатқандар көп. Жел соқпаса шөптің бас қимылдамайды. Жанболаттың бастамасын көбінің қолдағаны да содан. Шетелден ақша алып, оның үстіне тағы процент қосып пайда тауып отырған біздің өсімқор банктер халықты ойлап жатқан жоқ», - деп жазады ол өзінің facebook парақшасында.
Айтуынша, билік орындары бұл мәселеге көңіл бөлу керек.
«Депутаттар осы мәселеге назар аударуы керек. Қит етсе болды жазалай жөнеліп, берешегі бар адамның карточкасын бұғаттап тастайтындарын қойсын. Бар ақшасын кредитін жабуға жұмсап, каспиголды арқылы біреуден нан мен шайға қарыз сұрайтындар да бар. Сол нан алуға, май алуға кететін бес-он мың теңгесін де бұғаттап тастау – халықты одан ары қанау деген сөз. Осы несиенің процентін, несие беретін ұйымдардың жұмысын қайта қарап, бұл мәселені біржақты етіп шешетін уақыт жеткен сияқты. Халықты қанай бермеу керек», - деп жазған журналист.