Белгілі заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек өзінің парақшасында праймериз науқанына қатысты біраз былықтың бетін ашып, пост жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Заңгердің жазуынша, «бәрі әді болады» деп жүрген праймериздің беташары былықпен басталып жатыр. Әкімдер білім басқармаларына өз адамдарын тыққыштап, ал директорлар мұғалімдерді мәжбүрлеу секілді оқиғалар көбейіп кеткен.
«Көзбояушылық қайтадан басталған ба? Әкімдер білім басқарма басшысына праймеризден жеңіп шығу керек депутаттардың тізімін беріп жатыр. Ал директорлар мұғалімдерге бұйрық беріп, қысым көрсетіп жатқан көрінеді. Бұл рас па, мұғалімдер?
Егер рас болса, «Бәрі әділ өтеді ойбай» деп жар салып жатқандар, оңтүстікте бұл әділдік жүрмейді ме? Алдын ала список белгілі болатын болса бұл праймериз де далбаса деген сөз онда! Бұл жолы да мұғалімдер жаман атты болатын сияқты! Әкімдердің бұйрығы жүретін елде, ешқандай өзгеріс болмайды!», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.
Оқи отырыңыз: «Праймериз халықтың дауыс беру құқығын шектейді» - заңгер
Айгүл ханымның айтуынша, мұндай былықтар Түркістан облысына қарасты біраз өңірлерде байқалған. «Бұл тек бір ауданда болған жоқ, біраз аудан, қалаларда әкімнен список келген» деп атап өткен өзінің парақшасында.
«Кеше Түркістан облысы «ең көп дауыс бердік» деп мақтанып отыр еді. Міне қалай дауыс жинағандары, Бауыржан Байбек мырза, сіздің назарыңызға! Мәулен Ашимбаев, сіз де көріңіз бізде оңтүстікте былықтың қалай жасалатынын. Бейсен Тәжібаев, осы ма әділ сайлау?
Бұл тек бір ауданда болған жоқ, біраз аудан, қалаларда әкімнен список келген!»,- деп атап өткен жазба авторы.