Әзербайжан мен Армения арасындағы жер үшін басталған соғыс шешуші сәтке жақындап келе жатқан сыңайлы. Соңғы жаңалықтырға көз салсақ, Әзербайжан елі даулы аймақтағы жеті бірдей елді мекенін қайтарып алып, жеңіс туын тігіп жатқанға ұқсайды. Мұндай сүйінші хабарды Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев өзінің твиттер парақшасында жариялаған.
Алайда кейбір мамандар бұл соғыстың қызды-қыздымен Армения жеріне өтіп кетуі мүмкін екенін айтып дабыл қағып жатыр. Расында да жағдай дәл осындай сипатқа ие болса, Қазақстан алдында үлкен таңдау туындағалы отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Журналист Асхат Қасенғалидың жазуынша, Қазақстан үшін соғыс Армения аумағына өтіп кетсе бұл бір қиын сәт болмақ. Былай тартса өгіз өліп, былай тартса арба сынадының жағдайында боламыз.
«Жалпы Қарабақты басқыншылардан азат ету операциясы үлкен соғысқа айналып кетпеуін тілеп, біздің билік қатты алаңдап отыр-ау. Соғыс Армения аймағына өтіп кетсе, міне сонда көпвекторлықтың күл-талқаны шығады. Сонда нағыз таңдау жасауға тура келетін шығар.
ОДКБ мен ЕАЭС деген одақсымақтарда қол қойғандықтан одақтастық принципіне сүйеніп Арменияны таңдасақ, онда түркі халықтары алдында қарабет боламыз. «Түркістан түркінің жүрегі", "Алтайдан шыққан түркі жұрты біргеміз», Елбасы қолдауымен құрылған «Түркі кеңесі», өзіміз құрған ТЮРКСОЙ, түркі халықтары арасындағы түрлі ғылыми-тарихи әріптестіктер, қазақ-түрік лицейі, оқу орындары, бизнестегі әріптестіктер және т.б жайына қалып, байланыстар біртіндеп үзіле бастайды. Қысқасы олай етсек түркі арасында абыройымыз қалмайды», - деп жазған өзінің facebook парақшасында.
Яғни екі оттың ортасында қалғалы тұрмыз.
«Ал бауырластыққа бұрып, Әзірбайжанды таңдасақ, онда ОДКБ мен ЕАЭС-те мәселе туындайды, Ресейдің қоятын талаптары да өткір болуы мүмкін. Сол екі одақтан мүлде шықсақ жақсы еді, бірақ шыға алмайыз-ау жақын арада.
Біз үшін соғыс Армения аумағына өтіп кетсе бұл бір қиын сәт болмақ. Былай тартса өгіз өліп, былай тартса арба сынадының жағдайында боламыз. Сондықтан соғысты Таулы Қарабақты қайтарып, Ханкелдіге әзірбайжан туы тігіліп, басқыншыларды қуып шығумен аяқтаса игі еді. Қазір Баку өз жерінде, басқыншыларға қарсы соғысып жатыр. 7 аудан 7 атадан бері әзірбайжандікі болған. Оны БҰҰ, халықаралық ұйымдар тұтас мойындап отыр. Арменияның ОДКБ-ға өтініш айтар себебі жоқ. Оның аумағында ұрыс болып жатқан жоқ. Ешкім оған басып кірген де жоқ.
Біреуі одақтас, біреуі бауырлас халық. Біреуі құжатпен бекітілген, біреуі қанмен. Биліктің ойланары анық, басы да қатады таңдау сәті туса. Армениямен одақтас болсақ та, Әзірбайжанмен сауда қатынасымыз көбірек. Екі елді қарт Каспий ғана бөліп тұр, ал армянмен алыс-берісте ортақ шекара жоқ. Таңдау сәті тумасын, туса басты ескерілер жайттардың бірі ғой.
Міне, осыларды ескеріп біздің билік қайта-қайта татуласуға шақырып жатыр. Және қазіргі уақытта біздің билік үшін дұрыс позиция осы-ау», - деп атап өткен жазба авторы.