05.10.2020, 10:40

Түркістан облысында балаларын ұрып-соққан адам қамауға алынды

фото: аzattyq-ruhy.kz
Аталған жағдайға қатысты сараптама тағайындалды.

Естеріңізге сала кетсек, полицейлер 4-қазан күні әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде ер адамның кәмелетке толмаған баланы ұрып-соғып жатқан бейнежазбаны анықтады. Аталған жайт сотқа дейінгі тергеу тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабы 2-бөлігі (азаптау) бойынша тіркелді, деп жазады Аzattyq-ruhy.kz сайты.

Департаменттің хабарлауынша, сол күні күдіктінің әйелі жұбайының балаларын ұрып-соққаны туралы полицияғы арызданған. Тәртіп сақшылары тез арада жергілікті жұмыссыз тұрғынды ұстады. Ерлі-зайыптылар 2011 жылдан бері некеде екен. Екеуінің ортақ үш баласы бар. Бұған дейін әйел 2018 жылы полицияға күйеуін ұрып-соғу туралы ауызша айтқан, бірақ өтініш беруден бас тартқан.

«Қазір аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптама тағайындалды. Ер адам қамауға алынды. Тергеу оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда», - делінген хабарламада.

2019 жылдың сәуірінде ол тағы да полицияға дене жарақатын салу дерегі бойынша жүгінген. Алайда, әкімшілік өндіріс әйел күйеуін кешіргендіктен медиация арқылы тоқтатылды. Содан кейін жұбайы қайтадан жауапкершіліктен құтылды.