Әзербайжан мен Армения арасындағы қарулы қақтығыс көп дүниеге өзгеріс алып келетін түрі бар. Әсіресе, қауіпсіздік пен қару-жарақ саясатын мүлде басқа форматта жасақтау қажеттігін көрсетіп берді. Нақты айтар болсақ, «жеңістің кілті – орыстың қаруында» деген түсініктің күл талқаны шықты. Сарапшылардың айтуынша, бұдан былай орыстың техникасын алуды қою керек. Мұндай ұсынысты қоғам белсендісі әрі сарапшы Қуаныш Еділхантегі жасаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«21-ғасырдағы соғыс тактикасы әбден өзгерген екен. Окоп қазу, танк дегендерді енді қоя қойса да болғандай. Егер төбеңде дрон ұшып жүрсе онда танкіге мінудің өзі өз-өзіңді оққа байлаумен бірдей екені көрініп тұр. Соғысқа Апачи сияқты тікұшақтар кіріссе, онда жаяу әскер дегеннің де рөлі жоқ, олар тірі нысаналар ғана.
Біздің Қорғаныс министрлігіндегілер Түркиенің Сириядағы, Ливандағы, Ливиядағы соғыстарын бақылап, тиісті қорытындылар жасап отыр ма екен? Ендігі жерде Ресейден танк, БТР, БМП дегендерді сатып алуды тоқтату керек қой. Танк былай тұрсын, тіпті С-300, С-400, Панцирь, Град дегендер де еш пайдаға аспайтыны белгілі болды - соншама миллиондаған долларға алынған техниканы тиынға алынған бір дрон-камикадзе жоқ ете алатын болса, онда оны алудың не мағынасы бар?
Біз бәрібір ешкімге соғыс ашқалы отырған жоқпыз, бізге бөтеннің жері керек емес. Бізге тек қорғаныс мақсатындағы қару ғана керек. Ендеше барлық ақша-қаражатты, күшті тек қана дрондарға, армияны компьютерлендіруге және солдаттарды соған үйретуге жұмсау керек деп ойлаймын», - деп жазған өзінің facebook парақшасында.