10.10.2020, 00:02

«Қырғызстан қауіп-қатер шегінде тұр»: Жээнбеков халыққа ВИДЕОүндеу жасады

Саясаткерлердің шектен тыс кеудемсоқтығының кесірінен біздің азаматтардың бейбіт тіршілігі мен ел тыныштығына қауіп төнді.

Қырғызстанда өтіп жатқан жаппай ереуілдерден кейін ел президенті Сооронбай Жээнбеков халыққа жаңа видеоүндеуін жариялады деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы. 

"Құрметті халқым!

Кей саясаткерлердің шектен тыс кеудемсоқтығының кесірінен біздің азаматтардың бейбіт тіршілігі мен ел тыныштығына қауіп төнді. Саяси ұрандармен қатар, елдің бірлігі мен қоғамның тыныш өмірін бұзуға шақыратын провокациялық үндеулер де болды. Қырғызстан қауіп-қатер шегінде тұр.

Қымбатты қырғызстандықтар, халқымыздың бейбіт тіршілігі саяси ойынның құрбанына айналмауы тиіс.

Міне, сол үшін ел астанасы Бішкекте төтенше жағдай режимі енгізілді. Бүгін мен сол туралы тиісті жарлыққа қол қойдым. Конституциялық құзіретімнің аясында мен азаматтардың тыныш өмірі мен елдің біртұтастығын сақтау үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын. Елдің бүкіл дені сау күші мені толық қолдайды деп сенемін.

Бүгін біз мемлекеттігімізге шынайы қатер төнгенін көріп отырмыз. Сондықтан шетте құр қарап тұрмай, осы қиын күндерден бірге шығайық. Жаратқан құдайымыз халқымызға және сүйікті Қырғызстанымызға жар болсын", - делінген үндеуде.