19.10.2020, 21:15

Мемлекет басшысына прокуратура органдары есеп берді

Мемлекет басшысына бизнесті қорғау және бақылаушы органдар тарапынан кәсіпкерлік қызметке заңсыз кедергі келтірудің жолын кесу жұмыстары туралы баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа прокуратура органдары қызметінің басым бағыттары бойынша атқарылған жұмыстарының қорытындылары туралы есеп берілді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Ғизат Нұрдәулетов Қазақстан Президентінің қылмыспен күресті күшейту,  құқық қорғау және өзге де органдардың құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қызметін үйлестіру жөнінде жүктеген тапсырмаларының орындалу барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, өткен кезеңде елімізде қылмыс көлемі үш есеге жуық азайған. Ұрлық, қарақшылық шабуылдар, тонау және бұзақылық қылмыстары екі есе аз тіркелген.

Қазақстан Президентіне заңдылықты сақтауды қадағалау барысында прокурорлар сотқа дейінгі тергеу ісі бойынша 63 тұлғаға қатысты негізсіз қылмыстық қудалаудың тоқтатылғаны, сондай-ақ, тергеу мерзімін тоқтату және кейінге шегеру жөніндегі 17 мың заңсыз қаулының күшін жойғаны туралы мәлімет берілді.

Мемлекет басшысына бизнесті қорғау және бақылаушы органдар тарапынан кәсіпкерлік қызметке заңсыз кедергі келтірудің жолын кесу жұмыстары туралы баяндалды.