Батыс Қазақстан облысында жалақыға көңілдері толмаған шенеуніктер мемлекеттік қызметтен кетіп жатыр, деп хабарлады paryz.kz сайты «Мой город» порталына сілтеме жасап.
"Есепті кезеңде жалпы қызметкерлердің ауысуы 767 адамды немесе мемлекеттік қызметкерлердің штаттық санының 18,1%-ын құраған. Мемлекеттік қызметкерлердің таза ауысуы 226 адамды немесе штат санының 5,3%-ын құраған. Жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, жергілікті атқарушы органдарда қызметкерлердің 73,1%-ы жалақысының төмен болуы себепті жұмыстан шығып кеткен", - деді Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев.
Хабарда нақтыланғандай, облыс аумағында 435 мемлекеттік орган бар, оларда 3930 қызметкер жұмыс істеп жатыр.
Енді 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге жалақы төлеудің жаңа жүйесі енгізіледі. Ол жүйе бойынша әр қызметкерге қызметтік міндеттемелері бойынша еңбекақы төленетін болады.
"Нақты балдық шкала енгізілгеннен кейін мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы 1,5-2 есе көбейтіледі. БҚО әкімдігінде осындай жүйені келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Әрине, жалақының төмен болуы салдарынан сауатты, білікті мамандар мемлекеттік қызметтен кетіп жатыр", - деді Тұрсынбаев.