Философия ғылымдарының докторы, С. Демирел университеті қауымдастырылған профессоры Молдияр Ергебеков ойдан шығарылған кейіпкер Борат Сағадиев пен Қазақстан халқының ұқсастықтары туралы сөз қозғады, деп хабарлайды holanews.kz сайты.
***
Әдетте қоғамымызда сын этникалық қазақтарға бағытталады. Менің сыным еліміздегі қандай да бір этникалық топқа емес, жалпы азаматтық кіндікбауымен Қазақстан деген елге байланған, барлық қазақстандықтарға бағытталған.
***
Негізгі ойымды әуел бастан айтайын: Иә, біз расында да Боратпыз және Борат біздің аллегориямыз. Аллегория – белгілі бір идеяны, жосықты (поведение) немесе іс-әрекетті оңай түрде түсіну үшін, бұлардың орнын баса алатын символдар, символдық сөздер, метафоралар қолдану арқылы көзге елестетуге берілген ат.
***
Алдымен Борат кім деп сұрайық. Борат нәсілшіл, сексист, мүгедек адамдарды мазаққа айналдыратын, жануар құқықтарын мойындамайтын, жалпы күнделікті қоғамдық өмір тәжірибесінде маңызды этикеттерді білмейтін дөрекі адам. Ол үшін құқық деген нәрсе жоқ. Мұнымен қоса ол өз елін өте жақсы көретін жан.
***
Борат – қазақстандықтардың аллегориясы. Елімізде ең кең тараған идея – нәсілшілдік (расизм — ред.). Нәсілшілдіктің ең алғашқы классикалық түрінен бастап, қазіргі кездегі мәдени нәсілшілдік сынды нәсілшілдіктің жаңа түріне дейін мың бір түрін қоғамдық әрі жеке күнделікті өмірімізде кездестірудеміз және бұл қалыпқа айналған. Басында нәсілшілдік – «анти-нәсілшіл» Совет кезеңінің өнімі ретінде бізге мирас қалған болса, қоғамымыздың капитализммен танысуының артынша – сонау 17 ғасыр батыс елдерінде болғанындай – қазіргі таңда елімізде нәсілшілдік пен капитализм бірін-бірі асырайтын, дамытатын егіздер ретінде өмір сүруде. Нәсілшілдік пен капитализм арасындағы байланыстың кей тұстары төменде көрсетіледі.
***
Нәсілшілдіктің қоғамымызда осыншалықты баналь ерекшелікке ие болуының ең негізгі себептерінің бірі – әрі Совет кезеңінде, әрі тәуелсіздік жылдарында «отандас» ұғымының немесе «азамат» ұғымының «этникалық топ» ұғымына қарағанда әлдеқайда аз назарға ілігуі немесе тіпті бастан-аяқ назардан тыс қалуы еді. Сондықтан да болар «ұлт = этникалық топ» формуласы ең көп қабылданған елдердің ішінде пост-Совет елдер бірінші орында(шығар бәлкім).
Бұл елдерде көпшілігінде болғанындай, біздің елімізде де «азаматтыққа сүйенетін ұлт» қалыптасқан жоқ. Қалыптастыра алмадық емес, бұған ұмтылған да жоқпыз. «Ұлт» деген ұғымды этникалық немесе діни кімдіктер (идентичность) мен этикеттерден бөлек бола алатынының парқына бармадық. Нәтижесінде көпшіліктің этникалық тобына немесе дініне жатпайтындарды «өзгелер» ретінде қабылдадық. Осылайша біздегі әрбір топтың өзіндік «өзгесін»қалыптастырып алуына көмектестік. Басқаша айтар болсақ елдегі әрбір этникалық топ – бір-бірінің өзгесі ретінде өмір сүруде. Тіпті қазақтар сынды елдегі ең көп этникалық топ та, қазақтілді қазақтар мен орыстілді қазақтар боп; мұсылмандар мен тәңіршілдер боп; жергілікті қазақ пен оралман боп; және тағы басқа түрде бір-бірінің «өзгелерін» қалыптастырып үлгерген. Әрине қоғам қашанда әртүрлі мәдениеттен тұрады. Алайда біздегі проблема әртүрлі мәдениетке ие болуымыз емес; өз мәдениетімізді өзгенікінен биік ұстау. Орыстарға бағытталған «аққұлақ» немесе қазақтарға бағытталған «калбит» сынды сөздері; қазақтілді қазақтардың орыстілді қазақтарға айтатын «шала қазақ», «қара орыс» немесе «мәңгүрт» сынды сөздері; орыстілділердің қазақтілділерге айтатын «мамбет» сынды сөздері; қазақтардың қазақ емес этникалық топтарды«келімсек» деп сипаттауы; яғни нәсілшіл дискурстар,бірін-бірі қорлайтын, қор көретін сөздер, ксенофоб, дискриминациялық риторикалар өміршеңдігін қорғауда.
Саяси азаматтық ұлтқа ие елдерде қоғамдық іс-шаралар саяси позиция немесе ортақ позицияға қарай іске асатын болса, бізде әрбір іс-шарамыз аудиториямыздың тілі, діні, қай тілдегі аудиторияның қандай мәселелерді жақсы көретініне қарай іске асуда. Бір-бірімізді көрмегенсиміз. Алайда бармыз.
***
Өткен аптада бір студентім Қазақстанда нәсілшілдіктің жоқ екенін айтты. Ол студентімнен елімізде баршаға танымал пәленше деген банктің мобил-қосымшасын қолданып қолданбайтынын сұрадым. Қолданатынын айтты. Қай тілде қолданатынын сұрадым. Студентім орыс тілінде қолданатынын, өйткені ол банктің мобил-қосымшасының тек орыс тілінде ғана бар екенін айтты. Қазақтілді азаматтары көп бір елде қазақ тілін көрмегенсу, елемеу, өзінің күнделікті еңбек практикасына қоспау – нәсілшілдік. Бір қынжылтар жағдай еліміздегі орыстілді адам құқын қорғаушылардың көбінің (бәлкім ешбірінің), бұл мәселе жайында ләм-мим демеуі. Өйткені олар үшін де қазақ тілі жоқ. Қазақ тілі жоқ жерде, қазақтілділер де жоқ. Қазіргі таңдағы жаңа нәсілшілдіктің ең маңызды ерекшелігі – барды жоқ деп білу. Қазақтілді миллиондаған адамнан күнделікті табыс тауып отырған банктердің, бизнес ошақтарының, мекемелердің қазақтілді қосымшаларын, парақшаларын дамытпауларының бір ғана мағынасы бар: қазақтілді азаматтарды жоқ деп санау. Тек қана студентімнің мобил-қосымшасын қолданатын банкі ғана емес, еліміздегі көптеген мекемелер қазақтілділерді жоқ деп санауда. (Қазақша парақшасы барлар да парақшаны алғаш ашылғанда орыс тілінде ашылатын етіп қойған. Бұл басқа әңгіме; десек те орыс тілінің еліміздегі ұлтаралық тіл екенін алға тартатын гипотезаға сүйенетіндер, сонымен қатар елдегі көпшіліктің тілі болып саналатын қазақ тілінің біріншіл статусына да назар аударулары тиіс). Дәл сол сияқты елімізде этникалық тұрғыдан қазақ емес дін адамдарының мешіттерде имам бола алу мүмкіндігі қаншалықты бар? Қазақтілді медиада этникалық тұрғыдан қазақ емес азаматтарға қарай айтылатын «келімсек» сөзінің берер пайдасы не? Елімізде немесе мына дүниеде кім келімсек емес?
***
Сексизм – біздің нәсілшіл қоғамымыздың екінші негізгі мәселесі. Негізінде сексизм нәсілшілдіктің бір түрі. Алайда мен бұл мәселеге жеке тоқталғанды жөн көріп отырмын. Әйелдерге деген дұшпандық – сексист риториканың азығы, оттегісі; мейлі ол сана-астымызда жатқан болсын, мейлі саналы түрде білген болайық. Әсіресе тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап ұлт қалыптастыру үдерісімізде әйелге берілген орын феодал кезеңнен де төмен. Үйдегі орны бәрімізге белгілі, ал қоғамдық алаңдағы орны – символикалық. Аты жоқ әйел ескерткіштер. Оның да саны аз. Бір-екі көше. Жалғыз әкім. Бәрі-бәрі символика. Көрсетіп қою. Пост-модерн кезеңде көрсетілсе болды, бар деген сөз. Шынайылық маңызды емес. Әйелдерге берілген символикалық орынға қарағанда дүкендердің витриналарында көрсетілімге шығатын тауарлар әлдеқайда шынайы. Өйткені сол дүкенге кірсеңіз көрсетілгеннің расында да бар екенін көресіз.
***
Тауар демекші, әйелдерді тауарға теңеген «ғалымдардың» саны артты. Ал қарындасына жезөкше деп қарайтын Борат пен мини етек киген қыздарға/әйелдерге жезөкше деп қарайтын, тіпті мұның видео-ролигін түсіретін менталитет арасында қандай да бір айырмашылық бар ма?
***
Еліміздегі мүгедектер мәселесі дегенде ойымызға алғаш түсетін нәрсе – пандустар. Әкімдіктердің жасаған атақты пандустары. Мүгедек адам былай тұрсын аяқ-қолы сау адам қолдана алмайтын пандустарды айтам. Осылайша оларды қоғамдық алаңнан шеттетіп жатқанымызды көбіміз біле бермейміз. Теледидар каналдарымызда тек қана табысты мүгедектер көрсетіледі; онда да аяқ-қолы сау адамдарға «міне көрдіңдер ме, тіпті мүгедек адам да ерінбей, жалықпай еңбек етіп, күн көруде. Сен болсаң жалқаусың» деп айту үшін. Осылайша мемлекеттің сау демей, мүгедек демей жалпы азаматтардың жағдайын көтеруі тиіс функциясының үсті жабылып, көзден таса қылынып, бар кінәні адамның өзінен іздеу идеологиясы өндіріледі.
***
Қазақстан медиасынан жануар құқықтарына байланысты ең соңғы рет қашан ақпарат алдыңыз? Есіңізде ме? Бізде жануарлар, әсіресе көше жануарлары адамдарды талау, қауып алу сынды оқиғалар орын алған кезде ақпаратқа арқау болады. Осылайша олардың қабағандығынан құтылудың бір ғана жолы бар екенін асты сызылып көрсетіледі: Көше жануарларын өлтіру. Соған қарамастан көше жануарлары құқын қорғайтын аз да болса волонтерлер бар. Алайда олар ешқашан ақпараттың тақырыбы болмайды. Есесіне медиамызда вегетариандар мен вегандар қашанда мазақ немесе күлкінің тақырыбы.
***
Еліміздегі туалет мәселесі, дәл Бораттағыдай десек артық айтқандық емес. Туалетке отырып жөні түзу дәрет сындыруды білмейміз. Қоғамдық алаңдарда туалетке бару, бәріміз үшін үлкен стресс. Кітапханалардағы, университеттердегі, авто және темір жол вокзалдарындағы, қоғамдық тамақтану орындарындағы, базарлардағы лас туалеттер, біздің қоғамның жалпы гигиенаға деген ұстанымын көрсетеді.
***
Көптеген сыншылар Саша Барон Коэеннің «Борат» фильмінің қазақстандықтарды емес Қазақстанның қай жерде екенін немесе қандай ел екенін білмейтін, тіпті бұл жайында қандай да бір пікірі жоқ «ақымақтарды» мазаққа айналдыратынын алға тартады. Иә расында да Борат фильмінің негізгі сыны демократиялық құндылықтарға ие, әйел, бала, жануар мен табиғатқа құрметі бар,нәсілшіл емес екенін алға тартатын АҚШ баста дамыған елдердің қоғамына оқталған. Бұл қоғамдардың сана астарында жатқан нәсілшіл, сексист ерекшеліктерін су бетіне шығарады. Бәрінен бұрын Америкадан басқа өзге елдер, әсіресе дамушы елдердің Борат суреттегендей өмір сүретініне кәміл сенетін американ халқын мазаққа айналдырады.
АҚШ-та түсірілген сахналардың көбінің документал түрде түсірілгені белгілі. Фильмде Борат америкалықтарға қазақтардың өзбектерді, еврейлерді, сығандар мен әйелдерді қаншалықты жек көретінін, оларды қалай жазаландыратынын, қалай азаптайтынын бүге шігесіне дейін айтып береді. Алайда бірде бір американ азаматы шығып «Далбасалама, мұндай нәрсенің болуы мүмкін емес» деп айтпайды. Американдықтар, әлемдегі ең жоғарғы мәдениетке ие халықтың өздері екеніне сенімдерінің молдығы соншалықты, Борат оларға «бізде әйелдер дауыс бере алмайды, кинотеатрдың алдында иттермен бірге тұрады» немесе «бізде әйелдер үшін өз қалауымен секс жасау деген жоқ» деген кезінде сұқбат беруші американдықтар «саған сенбеймін, мұның бәрі өтірік» дей алмайды. Өйткені бұған расында да сенеді. Сол үшін ашуланады (әйелдер), немесе «әттең-ай, бізде де солай болса ғой» дейді; құлдық жүйенің қайта келуін қалайды, азшылықтың, әсіресе еврейлердің көпшілікке қарағанда әлдеқайда құқының көп екенін алға тартады (мачо еркек тобы).
Борат қару сататын дүкенге барып, «бір еврейді өлтіру үшін қай мылтықты ұсынар едіңіз?» деп өте жайбарақат сұрай алады. Сатушы оны қуып шығудың орнына оған пәлен деген калибрлік қаруды ұсынады. Дәл сол сияқты көлік сатушысына «егер бұл көлікпен сығандарды соғып кетсем, көлігіме зияны тие ме?» деген сұрағына, адамға емес құдды бір затқа соғылатындай «әйнегі сынуы мүмкін, капоты майысуы мүмкін» деген жауап алады.
Сонымен қатар фильмде бір техастық адам Боратқа мұртын кесіп тастауы керек екенін айтады. Бұл мұртымен мұсылмандарға ұқсайды екен. Сондықтан да адамдар «бомбаны қай жеріне сақтады екен» деп ойлаулары мүмкін екен. Техастық оған мұсылман сияқты көрінудің дұрыс емес екенін өте байсалды түрде түсіндіруге тырысады.
***
Қазіргі таңда кейбір азаматтарымыздың Борат-2 фильміне қарсы акция жүргізіп жатқанына куә болудамыз. Алайда бұл акция көптеген елде сөз бостандығына деген қарсылық ретінде қабылдануы әбден мүмкін.
***
Режиссер Коэннің юморы – шабуылшы (offensive) ерекшелікке ие ме?Шабуылшыл юмор 1970-жылдары батыс теледидар шоуларында пайда болған жанр. Бұл шоулардағы юмор сексист және нәсілшіл элементтер арқылы күлкі ояндыруға тырысатын. Мұндай комедияларға қарсы реакция ретінде 1980-жылдары ағылшын альтернатив комедиясы пайда болды. Бұл комедия жанры да шабуылшы ерекшелікке ие алайда гендер және нәсіл тақырыптарында сексизм мен нәсілшілдікке қарсы тұрды. Борат фильмінің осынау ағылшын альтернатив комедиясының өнімі екенін алға тартуға болады. Коэн стереотипті пародияға айналдырады және кереғарлықты мазаққа айналдырады. Ол мұны іске асыру үшін саяси корректтіліктен (ұстамдылық) алшақтайды.
Сонымен қатар Бораттың фильмі мокументари (mockumentary), яғни жалған деректі фильм жанрында түсірілген. Сол үшін 2000-жылдары Қазақстан мұнайының әлемдік нарыққа шығуынан Батыста аты көптеп естіле бастаған, алайда мұнайдан басқа қандай да бір толыққанды ақпараты жоқ ел – Қазақстан еді. Коэннің жалған деректі фильмі үшін Қазақстанды таңдауының себебі осы болуы мүмкін. Фильм өтірік те (Қазақстан) болса деректі атмосфераға (АҚШ) ие болғаны үшін Қазақстан мен АҚШ аты ашық түрде айтылды деп ойлаймын.
***
Борат фильмінің қазақтарды төмендететініне сенетін адамдардың «Бизнес по-казахски» фильмінің өзге ел азаматтары жайындағы ұстанымына ләм-мим демеулері таң қалдырады. Нәсілшілдік саған немесе өзгеге қарай бірдей шабуылдайды. Тек өзіңді ғана көңілі қалған адам деп ойласаң саған анти-нәсілшіл деп айта алмаймыз. Бұның басқа себептері болуы мүмкін. Мысалы постколониал болу және тб.
***
Не де болса Борат фильмінде көрсетілген нәрселердің көп адамды өкпелететінін түсінем. Алайда бұл өкпе, бізге байланысты жоғарыда айтылған шындықтарымыздың үстін жауып қоймауы тиіс. Көбіне шет елде оқитын, жұмыс істейтін адамдар (қазақстандықтар) Борат арқылы өздерінің әртүрлі ыңғайсыз жағдайға ұшырайтынын айтып жатады. Олардың орнында болсам «Yes, my name is Borat. Where should I take my shit?»деп жауап берер едім.