05.11.2020, 15:00

Біртановты ұстатқан кім?

Фото: platon.asia
Біртановтың ұсталуына оның қарамағындағылар мен денсаулық сақтау министрлігіне қарайтын бірқатар ұлттық орталық, институт басшыларының қатысы болуы әбден мүмкін.

Тұрақты оқырмандарымыздың бірі бұрынғы денсаулық сақтау министрінің үстінен қылмыстық істің қозғалуына кімдердің түрткі болғанын және Біртановқа қандай айып тағылуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлады nege.kz

Сонымен дереккөздің хабарлауынша, Елжан Біртановқа «карантин кезінде қолдан дәрі-дәрмек тапшылығын жасады, өкпені жасанды желдету аппараттарын өте қымбат бағаға сатып алуға жол берді» деген айып тағылып жатқан көрінеді. Демек, ел ішіндегі дәрі-дәрмек тапшылығының қолдан жасалғаны, осы жағдайды пайдаланып жоғарыдағылардың қазынаның миллиардтарын ұрлағаны туралы гу-гу әңгіменің тегін болмағаны.

«Тергеу орындары бұл айыптауларды бұрынғы министрдің мойнына дәлелмен ілу үшін Біртановтың бұрынғы орынбасарларын пайдалануда» деген мәлімет бар. Дереккөздің пайымдауынша, Біртановтың жемқорлыққа байланысты ұсталуына оның қарамағындағылар мен денсаулық сақтау министрлігіне қарайтын бірқатар ұлттық орталық, институт басшыларының қатысы болуы әбден мүмкін.

«Әрине, Елжан Біртанов оның бәрінен хабардар болған. Тек қылмысқа көз жұмып қарағаны үшін өзіне тиесілі қомақты үлесін алуды ұмытпаған» дейді дереккөз. Расында да соңғы кездері Біртановтың бұрынғы орынбасарларының басынан бақ тайғандай көрінеді. Министрдің орынбасары болған Олжас Әбішев тамыз айынан бері тергеліп жатыр. Қыркүйек айында бұрынғы вице-министрдің ақпараттық жүйе құруға деп бөлінген 500 миллион теңгені талан-таражға салды деген күдікке ілінгені туралы ақпарат тарады. Өзге орынбасарларының да басындағы жағдай екіұшты.

Биылғы жылдың 21 сәуірінде ғана денсаулық сақтау вице-министрі болып тағайындалған Людмила Бюрабекова жарты жылға жетпей, 23 қыркүйекте қызметінен босады. Біртановтан кейін көп ұзамай вице-министр лауазымымен қоштасқан Камалжан Надыров маусым айынан бері Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасын басқарған еді. 19 қазанда оның кенеттен бұл қызметтен кеткені белгілі болды. Әлеуметтік желідегі жазбасына қарасақ «өз еркімен» кеткен.

Қазір «өз еркімен» кеткен бұрынғы вице-министрлерді көзден таса қылмай жүрген арнайы органдар бар деседі. Өйткені Біртановтан басталатын мәселе бұларды да айналып өтпеуі мүмкін.

Сонымен, Біртанов қалай ұсталды? Дереккөздің мәліметінше, құзырлы органдарға ұлттық медициналық орталықтардың бірінің басшысы «жөн сілтеп» жіберген көрінеді. Неге? «Өйткені оның өзінің былығы басынан асып жатыр. Милиардтаған ақшаның сұрауы түбі болатыны сөзсіз. «Қорыққан бұрын жұдырықтайды» демекші, ол бар бәлені Біртановқа жауып, жазасын жеңілдеткісі келеді» дейді оқырманымыз.

Енді бұл қылмыс қалай аяқталуы мүмкін? Дереккөздің айтуынша, қазір тергеу орындары Біртановтың айналасындағылармен және экс-министрдің өзімен келіссөз жүргізіп жатқан көрінеді.

Егер тараптар ортақ мәмілеге келсе, «қазынаның қыруар қаржысын қымқырды» деген айып «қызметіне салғырт қарады» деген бапқа ауысып кетуі әбден мүмкін. Бұл жағдайда Біртановтың амнистияға ілігуіне мүмкіндік туады. Сонда кім ұтылады? Ұтылатын – сол баяғы халық. Миллиардтаған ақшаның қайтатынына кім бәс тігіп, кепіл болауға дайын?

Бұған дейінгі ірі шенділердің үстінен қозғалған қылмыстық істің бәрінің дерлік соңы сиырқұйымшақтанып кеткеніне ел куә. Сондықтан да оқырманымыздың дерегіне көңіл аудармасқа амал жоқ.

Бір ғана мысал. Елді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге тікелей жауапты «СҚ-Фармация» мемлекеттік операторының басшыларының ішінде күдікке ілінбей, жауапқа тартылмай қалғаны сирек. Сотталып кеткендерінің өзі аз уақыттан соң бостандықта жүреді. Мәселен 2017 жылдың ақпанында «СҚ-Фармацияның» басқарма төрағасы болған Максим Касаткин сол жылдың қыркүйегінде ұсталған еді. Оған «қазынаның 1 млрд 800 млн теңгесін қолды қылды» деген айып тағылып, ісі сотқа да жетті. Бірақ экс-шенеуніктің соты қалай өткенінен көпшілік бейхабар.

Біздің білуімізше, жазасы жеңіл болмауға тиіс Касаткин қазір бостандықта жүр және жай жүрген жоқ, әлдебір компания басшысының кеңесшісі деседі.