Қазақ жастарын әсіредіншілдік пен діни фанатизмнен сақтандырып, қыз баланы арабтың паранжасына емес мейірімге бөлеуге шақырып жүрген белгілі заңгер, қоғам белсендісі Айгүл Орынбек әлеуметтік желіде тағы бір пост жазғаны белгілі болды.
Кезекті жазбасында жалпы әйел затының соның ішінде қазақ қызының қадірін білмейтіндердің көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық білдірген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның айтуынша, тәрбиесі мен білімі сай келсе, қазақ қызының алмайтын асуы, шықпайтын биігі қалмас еді. Бұл сөзіне мысал ретінде АҚШ әкімшілігінде жұмыс істейтін қазақ қызы Әселді келтірген.
«Қазақ қыздарының қадірін өзіміз білмей жүрміз!
АҚШ -та Ақ үйде жұмыс істейтін қазақтың қызы Әсел!
Әсел президент әкімшілігінде протокол орынбасары қызметінде!
«Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді»- деп бекер айтпаған.
Әйел адамға екінші сорт ретінде қарауды тоқтатуымыз керек!
Америкада 46 президент сайланды деп тамсанып отырсыздар, бізде көзі ашық азаматтық қоғам құрылса, бізде де 46 президент сайланатын уақытқа жетеміз.
Әрбір ұлы адамның артында әйел адамның тұратынын ұмытпауымыз керек!
Әйелді орап, 13 жасында тұрмысқа беріп надан қылып өсірудің қажеті жоқ!
Дамыған қоғам құру үшін білім мен ғылымға, ұмтылуымыз керек!
Білімді анадан дарынды, текті ұрпақ келеді», деп жазады ол өзінің facebook парақшасында.
Сонымен қатар ол жоғары білімге қол жеткізген қыздардың өзгеге емес өз еліне қызмет етуі тиіс екенін айтқан.
«Білімді қыздарымыз өзге елге емес, өз еліміздің дамуына үлес қосқаны дұрыс деп ойлаймын.
Ең өкініштісі Әсел біздің елде емес...
Біздің елде болмағаны да жақсы бір жағынан, қызмет құмар жегеннен басқа түк білмейтін кейбір еркектер интирига жасап, журналисттерді жалдап, артына салып, бұндай алтын қызымызды жоқ қылып жіберетін еді.
Барымызды қадірлемейтін елміз ғой, қайтейін...», - деп атап өткен жазба авторы.