$ 444.32  473.33  4.76

Тоқаев Қатар әмірімен телефон арқылы сөйлесті

Қазақстан Президенті Қатар әміріне COVID-19 індетіне қарсы күресте елімізге қажетті құрал-жабдықтар түрінде көрсетілген гуманитарлық көмек үшін алғысын білдіріп, бұл қадамды шынайы достықтың көрінісі деп бағалайтынын айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Мемлекетінің әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танимен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы, Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекет басшылары Мәуліт мерекесіне орай құттықтаулармен алмасып, екі ел ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен оны дамытудың нақты жолдары бойынша пікірлесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Тамим бен Хамад Әл Тани бүгінгі таңда коронавирус пандемиясы халықаралық қауымдастық мүшелері арасындағы толыққанды қарым-қатынастарды айтарлықтай шектеп отырғанына қарамастан, Қазақстан мен Қатардың ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанын ерекше атап өтті.

Қазақстан Президенті Қатар әміріне COVID-19 індетіне қарсы күресте елімізге қажетті құрал-жабдықтар түрінде көрсетілген гуманитарлық көмек үшін алғысын білдіріп, бұл қадамды шынайы достықтың көрінісі деп бағалайтынын айтты.

Әлемде қалыптасқан күрделі жағдайда екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды әрі қарай өрістетудің маңыздылығы мен мүдделілік қуатталды. Осы ретте, мемлекет басшылары 2019 жылы жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, екі ел арасындағы банк, қаржы, көлік, логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, туризм салалары мен басқа да бағыттар бойынша ауқымды жобаларды жүзеге асыруға қатысты іс-қимылдарды кеңейту жолдарын талқылады. Аталған мақсатта Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Тамим бен Хамад Әл Тани ресми және бизнес делегациялармен алмасуға қолдау көрсетуге келісті.

Сұхбатты қорытындылай келе, шейх Тамим бен Хамад Әл Тани Қасым-Жомарт Тоқаевтың келесі жылы Қазақстанға сапармен келу жөніндегі шақыруын қабыл алды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары