$ 443.35  475.54  4.82

«Өсетін елдің билігі шетелден станок тасиды, ал біздікілер дамбал мен майка тасығанына мәз» - қоғам белсендісі

Отандық өнімге артықшылық беру керек. Өзімізде ештеңе өндірмей наркомандар сияқты шикізаттың бағасына қарап отыра берсек көрген күніміз осы болмақ.
фото: facebook.com
фото: facebook.com

Қазір еліміздің эпидемиологиялық ахуалы ғана емес, экономикалық жағдайы да қиын болып тұр. Шенеуніктер «бәрі қатаң бақылауда, жағдай тұрақты» деп күндіз-түні сарнап жатқанымен әлеуметтік маңызы бар дүниелердің барлығы қымбаттап жатыр. Мамандардың айтуынша, еліміздегі қымбатшылықтың басты себебі инфляцияның дұрыс есептелмеуі. Статистика агенттігі халыққа тек өтірік ақпараттар берумен айналысып отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Қоғам белсендісі Сәбит Рысбаевтың айтуынша елдегі азық-түлік секілді қажетті заттардың бағасы инфляциялық көрсеткіштерге байланысты. Сонымен қатар, жалақы мен зейнетақы мөлшері осыған байланысты анықталады. Мәселен, Стат агенттік жылдық инфляция 5 пайыз десе, жалақы мен зейнетақыға қосылатын үстеме де бес пайыз айналасында болады екен. 

«Қымбатшылықтың тағы бір себебі инфляцияның дұрыс есептелмеуі. Стат агенттіктің мәліметтерінің көбісімен келіспеймін. Соңғы 5 жылда біздегі инфляция жылына кемінде 20%-дан болды деп айта аламын. Адамдардың қымбатшылықты сезінбеулері үшін айлықтары кемінде инфляциядан жоғары болуы керек. Біздегі 2018-дегі 5%, 2019-дағы 4% дегендермен келісе алмаймын. Ресми статистика 5% деген соң зейнетақы мен басқа да төлемдерге 5% көлемінде ақша қосылады. Сосын әрине жетіспеушілік пайда болады. Стат агенттігі дұрыс мәліметтер көрсету керек», - дейді ол. 

Сонымен қатар ол елдегі заңсыздық пен жемқорлықтың да қымбатшылыққа қатты әсер етіп отырғанын айтқан. 

«Осыдан 5 жыл алдын базарға барсам 20 000 теңгеге біраз азық түлік алатынмын. Қазір 40 000-ға да онша зат ала алмаймын. 500 теңгеге А4 қағазын алатын едік ол енді 1 300 теңге болды. 2 200 000 теңге тұратын Hyundai Accent қазір 6 500 000 нан көп. Біздегі қымбатшылықтың ең басты себебі өз басын алып жүре алмайтын, екі көзі рубльге қарап жаутаңдайтын теңгенің құнсыздануы. Доллар қаншалықты қымбаттаса қарапайым халық соншалықты кедейленеді. 

Заңсыздық пен жемқорлық та қымбатшылыққа әсер етеді. Қымбатшылықты қадағалауы тиіс антимонопольный комитеттің басшысы миллиардтап пара алып артынан штраф төлеп шыға салса кім-кімді қадағаласын. Қанша жерден нарықтық экономика болса да мемлекет кейбір заттардың бағасын қадағалап отыруы керек. 

Сосын өзіміз тіс шұқитын таяқшаны Қытайдан, дамбалды Үндістаннан, сіріңкені Ресейден, майканы Өзбекстаннан импорттап отырып қымбатшылық қалай неге болады дейміз-ау. Алдымен өзімізді дайын өніммен қамтамасыз етуіміз керек. Шетелден киім емес станок тасуымыз қажет. Протекционизмді қолдану керек. Отандық өнімге артықшылық беру керек. Өзімізде ештеңе өндірмей наркомандар сияқты шикізаттың бағасына қарап отыра берсек көрген күніміз осы болмақ», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары