Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХ құрылтайына қатысты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы, Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Съезд делегаттары алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Nur Otan партиясы бүгінде ел тағдырына жауапты ең басты саяси күшке айналғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстан қазіргі ахуалға қарамастан стратегиялық даму мақсаттарын дәйекті түрде жүзеге асырып жатқанын айтты. Бұл ретте, Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз ету – негізгі міндеттің бірі. Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында Nur Otan партиясының қоғамдағы жетекшілік рөліне жоғары баға бергеніне тоқталды.
Қазақстан Президентінің айтуынша, әлем ғаламдық өзгерістер дәуіріне аяқ басып, халықаралық қатынастар жүйесі белгісіздік жағдайына, тіпті, бейберекетсіздікке бет бұруда. Мемлекет басшысы өткен ғасырдағы терең рецессия әлемдік экономиканы он жылға артқа лақтырып тастағанын, ал бұрынғы өсу қарқыны мен тұрақты дамуды қалпына келтіру үшін үлкен күш пен уақыт қажет екенін жеткізді.
– Қазақстанның тұрақты даму тұрғысынан мүмкіндігі мол. Себебі бізде, ең алдымен, нақты даму жоспары бар. Оны жүзеге асыруға қаржылық ресурсымыз да жеткілікті. Жауапкершілікті сезіне алатын миллиондаған азаматтардың қолдауының арқасында біз ішкі саяси тұрақтылықты сақтап, бизнес қоғамдастықты қолдап, мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындай алуын қамтамасыз ете алдық. Біздің бұған қол жеткізуімізде халқымыздың дәстүрлі құндылықтары, өзара жәрдемдесу, табандылық пен жанашырлық секілді қасиеттері ерекше рөл атқарды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус пандемиясымен күреске халықтың үлкен үлес қосқанын атап өтіп, сондай қиын-қыстау шақта ел азаматтары шынайы ынтымақтастық пен жаппай жанқиярлық танытқанын айтты. Оның сөзінше, «Біз біргеміз» ұраны қазақстандық патриотизмнің формуласына айналды.
Қазақстан Президенті дағдарыс кезінде басқарушы партияның да, Үкіметтің де, сондай-ақ, бүкіл қоғамның да алдынан үлкен мүмкіндіктер ашылатынын айтты.
– Осы тарихи мүмкіндікті пайдалану үшін біз елімізге дамудың жаңа парадигмасын ұсынуымыз қажет. Бұл жерде Президент, Үкімет және заң шығарушы сала сияқты билік тармақтары күш жұмылдыруы керек. Сондықтан алдағы сайлау бүкіл қоғам үшін өте маңызды болмақ, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы қалыптастырған Бес институционалды реформа мен Ұлт жоспарын жүйелі жаңғыртуға тың серпін беруге шақырды.
– Осы мақсатта біз 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын қабылдаймыз. Бұл егжей-тегжейлі зерделенген, шынайы құжат. Экономикадағы қиындықтарға қарамастан, Nur Otan Үкіметпен бірге алдағы бес жылдықта аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін 21 триллион теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бағдарлама еліміздің әлеуметтік дамуын ілгерілетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты шаралардың тиімді кешенін қамтиды. Партия жұртшылық тарапынан келіп түскен барлық ұсыныстар мен талап-тілектерді ескерді. Біздің бағдарламаны бүкіл еліміз дайындады десек, артық айтқандық емес, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін негізгі төрт басымдыққа назар аударылатынын атап өтті.
Мемлекет басшысы бірінші міндет ретінде әр азаматқа өз әлеуетін іске асыру үшін тең мүмкіндік берілетінін жеткізді.
Президент алдағы бес жыл ішінде әлеуметтік төлемдерді индекстеу үшін 3 триллион теңгеден астам қаржы бөлінетінін мәлімдеді. Зейнетақы мөлшері де жыл сайын индекстелетін болады. Бұл ретте оның өсім мөлшері инфляция деңгейінен екі пайызға көп болуы тиіс.
Мемлекет басшысы денсаулығы мықты интеллектуалды ұлт қалыптастыруды партия бағдарламасындағы екінші басымдық ретінде атады. Жаһандық жаңа сын-қатерлерді ескере отырып, бұл бағытты ілгерілету үшін білім, ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларына бөлінетін қаражат көбейеді.
– Бұл – адами капиталға, еліміздің болашағына құйылған стратегиялық инвестиция. Денсаулық сақтау ісіне бөлінетін қаржы көлемі ішкі жалпы өнімнің 5 пайызынан кем болмайды. Жаңа ықтимал эпидемияларға дайын болу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Баяндамада үшінші басым бағыт ретінде экономиканың және аймақтардың тұрақты дамуы айқындалғаны айтылды. Президент жаһан экономикасы ұзақ тоқырауға ұшырағанын атап өтті. Дегенмен ол мұндай дағдарыс экономиканы жаңа үлгіде қалыптастыру үшін жүйелі реформалар жасауға мүмкіндік береді деп санайды.
– Әлемнің барлық экономика ғалымдары мен парасатты саясаткерлер адамзат тарихындағы теңдессіз жаһандық дағдарыс жағдайында экономикалық процесстерді басқаруда мемлекеттің рөлі барынша артып отыр деген тұжырымға келді, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қатаң әрі теңдестірілген макроэкономикалық саясат, жеке меншік секторды қолдау, халық алдындағы әлеуметтік міндеттерді орындау есебінен экономиканың өсімін қамтамасыз етудің маңызына тоқталды. Бұл ретте шығындарды бақылауды қатаң назарда ұстау керек.
Nur Otan бағдарламасындағы төртінші басымдық – «халық үніне құлақ асатын мемлекет» және жауапты азаматтар.
Президенттің пікірінше, тұрақты даму үшін сенім мен жауапкершілікке негізделген мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылы қажет.
Бұл ретте Мемлекет басшысы біздің ортақ жұмысымыздың басты бағдары халық мүддесі мен проблемалары екенін нақтылады. Президенттің айтуынша, мемлекет халық үні мен пікіріне құлақ асуы тиіс.
– Партия жұмысының оң коэффициенті азаматтарымыздың өмірін жақсартатын нақты шешімдерге байланысты болмақ. Бос сөз бен құрғақ уәде емес, нақты әрекет қана халық сеніміне және саяси көшбасшылыққа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан партия мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуды мықтап қолға алады. Бұл стратегиялық сипаттағы міндет, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы өз сөзінде партияның жаңа бағдарламасы дамыған азаматтық қоғам мен экономикалық тұрғыдан толыққанды мемлекет құруға бағытталғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев жетекші партияның мәртебесі билікке қол жеткізуде емес, мемлекет пен халыққа нақты пайда тигізу мүмкіндігінде екенін атап өтті.
– Мемлекеттік басқару жүйесіндегі лауазымды қызмет атқаратын партия мүшелері еңбекқорлықтың, саяси жауапкершілік пен азаматтық патриотизмнің айқын үлгісі болуға міндетті. Партиямыздың мүшелері болашақта да осы үдеден табыларына күмән келтірмеймін, – деді Президент.
Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығы Мәжіліс және мәслихат депутаттарының сайлауымен басталып жатқанына, оның символдық мәні зор екеніне назар аударды.
– Алдағы сайлау қоғамның біртұтастығын және береке-бірлігімізді бекемдей түседі деп сенемін. Бұл науқанның ашық, әділ әрі заңды өтуі үшін барлық жағдайды жасаймыз. Мен, Мемлекет басшысы ретінде, мұны жіті қадағалаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президентінің Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХ құрылтайында сөйлеген сөзінің толық нұсқасымен мына сілтеме арқылы таныса аласыз.