ЭКСПО-2017 көрмесі билеттерінің сатылуына Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаев аса мүдделі емес секілді. Кеше «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің басшылығымен өткен жиыннан осыны ұқтық. Билеттердің сатылымға шыққанына 20 күннен асса да қызылордалықтар әлі 10 билет те сатып алмапты.
Ахметжан Смағұлұлының айтуынша, Алматы облысында ЭКСПО-ның небәрі он-ақ билеті сатылған. Ал, Қызылорда облысының көрсеткіші бұдан да төмен. Яғни, аталған өңірлердің басшылары халықаралық көрмеге қырын қарап отыр деген сөз. Бір ғана Есімовтің өзі он билеттен көп сатып алыпты. Демек, Қырымбек Көшербаев пен Амандық Баталов 50 пайыз жеңілдікпен сатылған (2 000 теңге) билеттерді сатып алуға аса қызығушылық таныта қоймаған. Енді, Есімовтің ескертуінен кейін қос облыстың басшылары билет сатумен айналысуы мүмкін.
Қырымбек Көшербаевтің ЭКСПО-ға қырын қарауы бекер де емес шығар. Өйткені, бұған дейін ел арасында Қызылорда облысының әкімі Президент әкімшілігіне жетекші болып тағайындалады деген әңгіме шыққан болатын. Оны тіпті, кейбір БАҚ өкілдері де жариялады. Бәлкім, осы лауазымға қолы жетпегендіктен Көшербаев билікке ренжіп, ЭКСПО-мен айналысуға зауқы соқпай жүрген болар. Кім білсін...Ал, бүгінгі күнге дейін Астанада өтетін халықаралық көрменің бар-жоғы 5 мыңдай билеті сатылыпты. Билеттің негізгі құны - 4 000 теңге. 10-20 маусым аралығында ол 50 пайыздық жеңілдікпен, яғни 2 мың теңгеге сатылды.