Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің 500 мың баланы 3 жылда қазақша сөйлетемін дегені қоғамда әлі қызу талқыланып жатыр. Жұрт оның үштұғырлы тіл реформасына түбегейлі қарсы. "500 мың баланы емес, алдымен Мәсімов басқаратын үкіметті қазақша сөйлетіп алсын" дейді қоғам белсенділері.
Халықтың олай дейтіндейі де бар. Осымен екінші рет премьер болған Кәрім Қажымқанұлы кезінде қазақшаны үйренемін деп ант-су ішкені есімізде. Иә, алғаш рет үкімет басына келген тұста Мәсімов былдырлап, екі сөздің басын әзер қосып, қазақша амандасатын. Қазір онысын да қойды. Өзге ұлт өкілі болып, мемлекеттік тілде өзі ғана сөйлемесе мақұл, көз жұма қарауға да болар еді. Бірақ, ол басқаратын министрлер, үкімет мүшелерінің бәрі жиындарын тек орыс тілінде өткізеді. Ал, Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, бұған дейін министр болып, бүгінде Астананы басқарып отырған Әсет Исекешев өз ана тілінде нан да сұрап жей алмайтын шығар. Тіпті, оқушылардың бәріне қазақша үйретемін деп жүрген Ерлан Сағадиевтің өзі қазақ тіліне шорқақ.
Жалпы, Мәсімовтің өзі қазақша үйренемін деп уәде беріп, уәдесін орындамаса, оның қарамағындағы Сағадиевтен қандай қайыр күтуге болады? Өздері үйрене алмай жүрген ана тілін біреудің баласына олар қалай үйретпек? Демек, министрдің пафосқа толы бұл уәдесі жай ғана қазақ қоғамының назарын аулау секілді. Аңқау халыққа арамза молдалық жасап, кезекті реформасын жүзеге асырғысы келіп отырған шығар, кім білсін?! Бірақ, ұлт зиялыларының көпшілігі, қоғам белсенділері Сағадиевтің көтеріп жүрген үштұғырлы тіл реформасына түбегейлі қарсы. Олардың айтуынша, білім саласына аталған реформа енгізілсе болашақта дүбәра ұрпақ өсіп шығады.
Бұл ретте өз тілін, мәдениетін, дәстүрін білмейтін мәңгүрт ұрпақтың өсуіне кім мүдделі деген сұрақ тағы туындайды. Яғни, аталған реформаның авторы кім? Әрине, ол Елбасы емес. Көпшілік, мұны Сағадиевтің идеясы деп те ойлайды. Өйткені, бастама соның аузынан шығып, соның қолымен жасалып жатыр. Бірақ, сенсеңіздер бұл реформаға Ерлан Сағадиевтің те қатысы шамалы. Біздің білуімізше, идея авторы - Кәрім Мәсімовтің өзі.
Кәрім Қажымқанұлы бұл реформасын алғаш премьер болған кезде жүзеге асырмақ болған көрінеді. Естеріңізде болса, балабақшаларда үш тілде тәрбие беру үлгісі сол кезде пайда болған. Бірақ, Мәсімов ол кезеңде биліктен қол үзіп, идеясын соңына дейін жүзеге асыра алмаған сияқты. Ал, қазір ұтымды сәт туындады. Оның қазіргі беталысына қарағанда реформаны жүзеге асырмай қоймайтын да секілді.
Сонда премьердің көздегені не, қазақ тілін дамыту ма, әлде жою ма? Мемлекеттік тілге шын жанашыр болса неге алдымен өзінен және өзінің отбасынан бастамайды? Ақыры өзінің қазақ екенін дәлелдей алмай жүр екен.
Иә, Мәсімов ұлтын - қазаққа, руын - найманға ауыстырыпты деген әңгіме ел ішінде бірнеше жылдан бері желдей кезіп жүр. Кім біледі, қазақ болса қазақ та шығар, кім білсін... Белгілісі, ол - Президенттің ең сенімді кадрларының бірі. Қанша былық жасаса да Назарбаев оның бетінен қаққан емес. Өзге министрлерді қатаң жазалауы мүмкін, тіпті түрмеден де бір-ақ шығаруы ғажап емес. Бірақ, үкімет былыққа батып жатса да Мәсімовке Елбасының ескерту жасағанын көрмедік, естімедік.
Сол Елбасының "шексіз махаббатының" арқасында болу керек, Кәрім Мәсімов соңғы екі жылда бірнеше реформаны бастап үлгерді. Ауылшаруашылық жерлерін сату туралы заң жобасы да осы Мәсімовтің тұсында қабылданған. Бұл заң әзірге тоқтап тұрғанымен, жер қойнауындағы пайдалы қазба шетелдіктерге сатылып жатыр. Сондай-ақ, халықтың зейнетақыға деп жинаған қаражатын да үкімет жыртығына жамамақшы. Ал, ЭКСПО көрмесінің жыры өз алдына үлкен бір әңгіме.
Жалпы, біздің үкімет білім саласындағы бұған дейінгі реформаларды халықпен санаспай жүргізіп келгенін жақсы білеміз. Бұл жолы да солай істемекші болған. Бірақ, соңғы жылдары халықтың құқықтың білімі артса керек, Сағадиевтің еркін қимылдауына жол берген жоқ. Оның үстіне, үкімет мүшелерінің халықпен санасуына жер мәселесіне қатысты орын алған митингтер де әсерін тигізіп отыр. Соның нәтижесінде, қазір үштұғырлы тіл реформасы ғалымдар мен қоғам белсенділерінің қарауына берілді. Олар расымен де бұл жобаның халыққа пайдасы мол екеніне көз жеткізсе, реформа жүзеге асады. Ал, залалы көп десе күн тәртібінен алынып тасталуы керек.