$ 494.87  520.65  4.91

«Байқоңырда Қазақ тілі мен Қазақстан тарихын оқыту үшін Путиннің рұқсаты керек» – Мәмин

Байқоңырдағы жеті мектепте сабақ бағдарламасы Ресейдің білім беру стандартына сай жүргізіледі.  Аталған оқу орындарында қазақстандық оқушылар да білім алуда.
Фото: svitnov.com
Фото: svitnov.com

Байқоңырдағы ресейлік мектептердің сабақ кестесіне Қазақ тілі мен әдебиеті және Қазақстан тарихын кіргізу үшін Ресей рұқсатын алу керек, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап.

“Байқоңырдағы жеті мектепте сабақ бағдарламасы Ресейдің білім беру стандартына сай жүргізіледі.  Аталған оқу орындарында қазақстандық оқушылар да білім алуда.

Олар ертеңін осы елмен байланыстырады. Сондықтан да Қазақстанның тарихымен танысу, мемлекеттік тілді меңгеру, әдеби мұраларын білу оқушылар үшін аса маңызды. “Қазақ тілі” мен “Қазақстан тарихын” осындағы оқу бағдарламасына енгізу үшін Ресейдің Ағарту министрлігінен рұқсат алу қажет”, – деді Мәмин.

Оның атап өткеніндей аталған мәселе білім саласындағы әріптестік туралы Үкіметаралық комиссияның күн тәртібіне енген.

“Жиын өткен айдың 10-і күні өтті. Алайда дәл осы отырыста бұл мәселені талқылаудың орайы келмеді. Байқоңыр қаласы бойынша Үкіметаралық комиссиясының алдағы отырысында бөлек талқылаймыз деп шештік”, – дейді премьер.

Оның айтуынша Байқоңырдағы жеті мектептің біреуін Ресей қарамағынан алып Қазақстан меншігіне беру мәселесі де комиссияның алдағы отырысында егжей-тегжейлі талқыланады.

“Мәселені шешу жолдарын үнемі іздестіру үстіндеміз. Ел азаматтарын Қазақстанның білім беру стандартына сай оқыту үшін былтыр Байқоңырдағы №275 мектептің жанынан жалпы саны 80 оқушыны қамтитын 1-4 бастауыш сыныптарын ашылды. Бұдан бөлек 20-дан аса тәрбиеленушісі бар орыс тілінде білім беретін мектепке дейінгі ұйымдар құрылды.

Осы жылы Қызылорда облысының әкімдігі дәл №275 мектептің жанынан 5-11 сыныпта оқитын қазақстандық оқушыларға арнап сыныптар ашты. Оқыту процесі біздің елдің білім стандартына сай орыс тілінде өтеді”, – деді Мәмин.

Айта кетсек бұдан бұрын Байқоңырға барған сенатор Мұрат Бақтиярұлы аймақтағы қазақтілді аудиторияның шағымын Үкімет жеткізген. Сенатор Байқоңырдағы мектептердің бірін Қазақстанның қарамағына беру туралы мәселе көтерген.

“Осындағы Қазақстан азаматтары біздің елдің оқу бағдарламасы негізінде білім алуы керек. Мектеп қана емес, балабақша мәселесі күйіп тұр. Баласын қазақ балабақшасына бергісі келетін азаматтардың арыз-шағымын ескеру қажет”, – деген еді Мұрат Бақтиярұлы.

Сенатор сауалына іле-шала жауап берген Мәмин Ресейдің бұған рұқсат беруі мүмкін екенін, Байқоңырдағы ғимараттың бірінен қазақ балабақшасы ашылып қаларын айтқан.

“Аймақта қазақша тәлім-тәрбие беретін 3 балабақша бар. Әзір Ресейге тиесілі №21 орыс балабақшасын Қармақшы ауданының қарамағына беру мәселесін талқылаудамыз. Ресей бұл ғимаратты босатса, 280 орындық қазақ балабақшасы ашылып қалады”, – деген еді Мәмин.

Қазіргі таңда Байқоңырда 16 балабақша бар. Оның үшеуі қазақтілді және Қазақстанның оқу стандартына сай тәлім береді.

“Жалпы саны 2885 бала бар. Оның 2425-і Ресейдің, ал 460-сы Қазақстанның білім беру бағдарламасы негізінде тәлім алуда”, – дейді премьер.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары