$ 446.49  475.38  4.79

Қазақстанда сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталды

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, үгіт-насихат кезеңі 10 желтоқсан кешкі сағат 18:00-ден 9 қаңтар түнгі сағат 00:00-ге дейін созылады.
фото: sputniknews.kz
фото: sputniknews.kz

Қазақстанда 10 желтоқсанда сайлауалды үгіт-насихат кезеңі басталады. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, үгіт-насихат кезеңі 10 желтоқсан кешкі сағат 18:00-ден 9 қаңтар түнгі сағат 00:00-ге дейін созылады, деп жазады Азаттық

10 қаңтарға белгіленген мәжіліс және мәслихат сайлауына 5 партия қатысады: "Нұр Отан", "Ақжол", "Адал", "Ауыл" және "Қазақстан халық партиясы". ОСК мәліметінше, бес партия мәжіліс сайлауына 312 кандидат (90 әйел, 222 ер адам) ұсынған. Кандидаттардың орташа жасы - 46,7. Ең жасы - 25-те.

Қазақстан заңнамасы бойынша, депутат болғысы келетін адам партия арқылы ғана сайлауға түсе алады. Жеке кандидат ретінде тіркелуге мүмкіндік жоқ. Сарапшылар 2021 жылы 10 қаңтарға жоспарланған сайлауға билікке жақын партиялар ғана жіберілді деп санайды.

ОСК-ның 10 желтоқсан күнгі жиынында партиялар арасында дебаттың уақыты 30 желтоқсан күні анықталатыны айтылды. Сайлау алдында халық пікірін білу мақсатында сауалнама жүргізу тек сол салада 5 жыл тәжірибесі бар заңды тұлғаларға ғана рұқсат етіледі. Ондай ұйымдар ОСК-ны ескертуі тиіс.

Жиында ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев әлеуметтік желілерде үгіт-насихат жүргізу мәселесі ұлттық заңнамада нақты қарастырылмағанын айтты. Бірақ "әлеуметтік желі адамның жеке пікірін білдіретін алаң" ретінде саналғандықтан кандидаттардың жеке аккаунтына (ресми парақшасы емес) "мониторинг" жүргізілмейді.

Қазақстан заңнамасы бойынша, мемлекеттік органдар, әскери қызметкерлер, діни бірлестіктерге үгіт-насихат жүргізуіне тыйым салынған. Кандидат ретінде ұсынылған журналистер үгіт-насихат кезеңінде жұмыстарын жалғастыра алмайды.

Қазір Қазақстанда алты саяси партия тіркелген. Оның үшеуі парламентке өткен. Олардың қатарында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы (қазіргі мәжілісте 107 мандаттың 84-іне ие) және билікшіл делінетін "Ақ жол", ҚКХП (екеуіне де жеті мандаттан берілген) бар. Қазіргі мәжілістің өкілеті 2021 жылы аяқталады.

Қазақстанның және шетелдің құқық қорғаушылары елде азаматтардың саяси құқықтары көп шектелетінін, партиялық жүйесі демократия ережелеріне сай емесін айтып жиі сынайды. Саяси оппозиция өкілдері парламентте бірде-бір шынайы оппозициялық саяси күш жоқ деп санайды және шынайы оппозициялық партиялардың ресми тіркеуден өте алмай отырғанын айтады.

ЕҚЫҰ бастаған халықаралық ұйымдар Қазақстанда өткен сайлаулардың барлығын "демократиялық талаптарға сай" деп мойындамаған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары