$ 498.34  519.72  4.85

Талас ауданында «Nur Otan» партиясының Сайлауалды штабы ашылды

Сайлауалды штабтың құрамында да үгіт-насихат жұмыстарына сақадай сай 30 адам бар.
фото: sn.kz
фото: sn.kz

''Nur Otan'' партиясы Талас аудандық Сайлауалды штабының ашылу салтанаты өтті. Аталмыш шараға "Nur Otan" партиясы Талас аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, штаб төрағасы, Саяси кеңес мүшесі Ғалым Қартабаев,  аудандық мәслихат депутаттығына үміткерлер мен зиялы қауым өкілдері, штаб мүшелері және еріктілер қатысты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

"Аудандық аумақтық сайлау комиссиясы 30 кандидаттан тұратын партиялық тізімді тіркеді. Тізімнен  праймеризден оза шауып келген 26 үміткер орын алған болса, қалғанын партия филиалының квотасы бойынша тіркелген төрт кандидат  толтырып отыр.   Сайлауалды штабтың құрамында да үгіт-насихат жұмыстарына сақадай сай 30 адам бар, олардың 23-і сайлау науқанында тіс қаққан тәжірибелі десе де болады. Республикалық сайлауалды штабтың бекіткен желілік кестесі бойынша біз 109 іс-шара, 36 офлайн іс-шара өткізуді және оған екі мыңнан аса адамды қамтуды көздеп отырмыз. Сонымен қатар 13 тікелей эфир жүргізу және 32 онлайн форматтағы кездесулер өту жоспарланып отыр. Дендеген дерттен де сақтануды ұмытпай, санитарлық талаптарды қатаң сақтау міндеттелді", - деп атап өтті Ғалым Тамабекұлы үгіт-насихат жұмыстарын пысықтау және үміткерлер жайлы ақпарат беру барысында.

Штаб төрағасы жеңіске жету жолында партия мүшелерінің әрқайсысы асқан жауапкершілік танытып, тынымсыз еңбек пен қажырлы қайрат қажет екенін ұғындырды. Партия төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев артқан сенімге селкеу түсірмей, сайлау науқанында қызу жұмыс жүргізу әрбір үміткерге маңызды. 

Штаб мүшелері үгіт-насихат жұмыстарында қоғамның барлық бөлігін қамтып, электораттарға ақпараттар мен түсіндіру жұмыстарын 100 пайыз жеткізу қажет. Сондай-ақ, сындарлы кезеңнің қиындығына қарамастан қоғаммен байланыстың сұрақ-жауап түрі, яғни диалогқа бару қарқынды түрде жүргізілуі тиіс. Үміткерлер үшін бұл жалаң ұранға айналмай, ұстыны берік ұстанымға айналса, партияның да беделдігі бетеген биік болары сөзсіз. 

Сайлауалды штабтың ашылу салтанаты барысында штаб мүшелері мен ерікті жастар партияның мақсат-міндеттері жолында белсенділік танытатынын және партияның жеңісі үшін аянбай тер төгетіндерін жеткізді. Тағы бір айта кетерлігі, ағымдағы айдың 10-жұлдызында сағат 18:00-де үгіт-насихат жұмыстары бастау алып, саяси доданың көрігі қыза түсті.   

Ескерту! Жамбыл облысы, Талас аудандық (Қаратау қаласы) "Nur Otan" партиясының сайлау қорының қаражатынан төленді

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары