14.12.2020, 12:20

«Қазақстанның аумақтық тұтастығына қауіп төндіретін ресейлік ақпарат құралдарын жабу керек» - сарапшы

фото: malim.kz
Мемлекеттік мінберден билікте отырған азамат екінші бір елдің тарихына қатысты күмән келтіріп, жерін өзінікіне балап тұрса, онда ол екі ел арасындағы татулық пен келісім принциптеріне сына қақты деген сөз.

Ұлан-ғайыр қазақ даласын жалғыз-ақ ауыз сөзімен «Қазақстанға Ресейдің сыйлаған сыйлығы» қыла салған Ресейлік депутат Вячеслав Никоновтың жөнсіз мәлімдемесі қоғам арасында әлі де дүмпу тудырып отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ресей Дума депутатының бұл мәлімдемесін кейбір қоғам белсенділері қазақ халқын басынғандық, көпе-көрнеу тарихты бұрмалушылық деп қабылдаған. Кейбіреулері «ит үреді, керуен көшеді» яғни еш назар аударудың қажеті жоқ деп санайтындарын білдірген. 

Алайда кейбір сарапшылар ресей өкілінің мұндай мәлімдемесінің астарында үлкен мән жатқанын айтады. Сарапшы Асхат Қасенғалидың жазуынша, бұл нағыз арандату. Оның ойынша, мемлекеттік мінберден билікте отырған азамат екінші бір елдің тарихына қатысты күмән келтіріп, жерін өзінікіне балауы жақсылық емес. Әрі бұл бірінші рет болып тұрған жағдай емес.

«Қарапайым өмірде сіз бен біз сияқты қолында билігі жоқ қарапайым адамдар түрлі уәж айта береді. Шай үстінде, дастархан басында «ана жер біздікі», «мына аймақ бізге тиесілі» деген әңгімені өрбітеміз. Бұл заңды дүние. Кез келген ұлтта кездеседі. Кешірімді. Шай үстінде не айтылмайды?! Ал бірақ дәл осындай әңгімені билік басындағы азаматтар айтса, онда ол өте қауіпті. Қазақ «ханның айтқанын қара да айтады, бірақ оның аузы дуалы емес» дегені осыдан шықса керек. 

Мемлекеттік мінберден билікте отырған азамат екінші бір елдің тарихына қатысты күмән келтіріп, жерін өзінікіне балап тұрса, онда ол екі ел арасындағы татулық пен келісім принциптеріне сына қақты деген сөз. 

Кешегі Никоновты көрдіңіздер. «Солтүстік Қазақстанда қазақтар болмаған, ал Қазақстан жері Ресей мен КСРО-ның сыйлығы» деп меңдуана жегеннің сөзін сөйлеп тұр. Барлығын жақсы біледі, әдейі айтып отыр. Бұл қандай мақсатта жасалғанын білмедім. Мүмкін Ресей халқын ішкі дағдарыстан назарын басқа жаққа аудару мақсатында болды ма, әлде рейтингі құлдыраған Путин өз деңгейін көтергісі келді ме, ол жағы белгісіз. Дей-тұра Кремль рұқсат етпесе, мұндай мәлімдеме де, ой да айтылмайтыны анық. Бұл бірінші рет болып тұрған жағдай емес, талай мәрте арналардан да осыған ұқсас реплика көрдік. Путиннің өзі де мемлекеттігімізге күмән келтірді. Соловьев тіпті «Алматыдағы лабораторияны неге атқылап тастамасқа» деген сөзді де айтты, ал ДУМА-да отырғанына 30 жыл болған Жириновский осы уақытқа дейін айтпағанды айтып, жазбағанды жазды», - деп атап өткен ол өзінің facebook парақшасында.

Оның ойынша, Қазақ билігінің дер кезінде реакция білдіріп, қарсылық нотасын тапсырғаны дұрыс болған. 

«Бұға берсең, сұға береді. Сондықтан кешегі СІМ-лігінің Ресей тарапына нота табыстағаны дұрыс қадам. Қазақстанның аумақтық тұтастығына күмән келтіретін, қауіп төндіретін кез келген сөз, әрекетті насихаттайтын ақпарат жеткізуші құралдарының жұмысын еліміздің аумағында толық тоқтатуға тиіспіз. Елімізге Ресейден мыңдаған газет пен журнал, ондаған арна кіріп тұр. Барлығының жұмысын бір тексеріп, сепаратизмді насихаттайтын, ДНР мен ЛНРді жақтайтын, Қарабақтағы басқыншыларды қолдаған, еліміздің тұтастығына қауіп төндірген барлық газетті, журналды кіргізуді тоқтатып, арналарды жабу керек. Егер олай істемесек, ұлттық қауіпсіздігіміз бен мемлекеттік тұтастығымызға келетін қатерді қалай азайтамыз. 

Өзіміз де, өзге ұлт өкілдері де Қазақстанды білу, тану үшін ақпарат кеңістігінде Қазақстандық ақпарат басым болуы тиіс қой. Газет дүңгіршігіне барса 80% ресейлік басылым, теледидарды қосса тағы 60-70% ресейлік арна, көлікте келе жатып, радионы қосса тағы да сол көрініс. Ақпараттық кеңістікті өзге елге беріп қойып, қалайша мемлекетшілдік жайлы айтуға болады, ол мүмкін емес. Адам көзбен көріп, құлақпен есту арқылы идеологияны сіңіретін жаратылыс. Сондықтан есті жиып, арналар, газеттер мен журналдарға бір тексеріс жүргізетін сәт келді.  Қазақстан аумағы біртұтас, ешқашан бөлінбейді және ешкімге берілмейді. Біз унитарлымыз, ішімізден де ешқашан бөлінушілікке жол бермейміз», - деп атап өткен жазба авторы.