$ 498.34  519.72  4.85

«Тоқаевтың «сайлау күні репрессия болмайды» деген сөзі желге ұшты» - Жанболат Мамай

Ондаған адам алаңда тұтқындалды. Демпартия мен «Оянның» жақтастары аязда қоршауда тұрды. Тіпті дәретханаға да шығармай, әйелдер тура сол жерге дәрет сындыруға мәжбүр болды. Бұдан артық қорлау мен азаптау бола ма?
Фото: facebook.com
Фото: facebook.com

10 қаңтарда Алматы және Астана қалаларында сайлауға қарсы наразылық шерулері болып өтті. Астана қаласындағы наразылық білдірушілер әдеттегідей полицияның қарсылығына тап болып, біраз адам қамауға алынды. Сол секілді Алматы қаласында да шеру өткізбек болған белсенділердің біразы ұсталып, полиция бөлімшелеріне жеткізіліп жатты. Республика алаңына қарай беталған белсенділердің жолын арнайы жасақ бөгеп, қоршап алды. Олардың арасында белсенділер Жанболат Мамай мен Абзал Достияров және журналист әрі «Oyan Qazaqstan» қозғалының өкілі Әсем Жәпишева бар.

8 сағаттан бері бір орында тұрған белсенділердің кейбірінің денсаулығы сыр беріп, жедел жәрдем шақыруға тура келген. Батыс құқық қорғаушылары қазақ билігінің бұл әрекетін қатаң айыптап, репрессиялық әрекет деп бағалаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. 

Азаттық сайтының жазуынша, Норвегиялық Хельсинкі комитетінің кеңесшісі Ивар Дале президент Қасым-Жомарт Тоқаевты "адам құқығын таптауды тоқтатуға шақырған. Дале  өз жазбасында полиция қоршауында қалған адамдардың видеожазбасын қоса ретвиттеп, "Қазақстан сайлаудың әділ әрі ашық өтуін талап еткен адамдарға репрессивті стратегия қолданып жатыр. Егер полиция бұрын бейбіт демонстранттарды жаппай ұстаса, қазір оларды далада тар жерге тықсырып, сағаттап ұстап жатыр", - деп жазған. 

Бүгін Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай да бұл әрекетке қатысты өз пікірін білдірген. Жанболаттың айтуынша, Тоқаевтың «сайлау күні репрессия болмайды» деген сөзі желге ұшқан. 

«Кеше, сайлау күні, біз өз позициямызды білдірдік. 
Сайлау учаскесіне емес, алаңға бардық. Аязға, суыққа қарамастан, полицияның қоршауында 10 сағатқа жуық уақыт тұрдық. Арандатушы болып Олимпиада чемпионы да, ректоры мен депутаты да келді. Барлығы масқара болып, қашты. Себебі, шындыққа төтеп бере алмайды! 

Тоқаевтың «сайлау күні репрессия болмайды» деген сөзі желге ұшты. Ондаған адам алаңда тұтқындалды. Демпартия мен «Оянның» жақтастары аязда қоршауда тұрды. Тіпті дәретханаға да шығармай, әйелдер тура сол жерге дәрет сындыруға мәжбүр болды. Бұдан артық қорлау мен азаптау бола ма? 

Бірақ, біз Назарбаев билігі өткізген сайлаудың жалған, өтірік, жасанды екенін, елде ешқандай да саяси реформалардың жоқтығын ашық көрсеттік. Алаңда интернетті өшіргенімен, ақиқатшыл журналистер мен блогерлердің арқасында шындық тез тарады. 
Біз өз мақсатымызға жеттік: өз үнімізді, сөзімізді алаңда айттық, миллиондаған халықтың көзін аштық! Шындықты көрсеттік! 

Күрес жалғасады. Биліктің кешегі үрейі мен қорқынышынан көруге болады: бұл режимнің ғұмыры ұзаққа созылмайды!», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары