Сайлау күні қарсаңында Алматыда өткен митингке келіп жұрттың шырқын бұзып, шерушілердің қолдарындағы плакаттарын жыртқан боксшы Ермахан Ыбрайымовтың өрескел тірлігі жұрт арасында әлі де қызу талқыланып, әлеуметтік желі бетінде үлкен қарсылық тудырып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әсіресе, оның журналистердің біріне берген сұқбаты барысында «өзінің әркетін дұрыс деп санайтынын әрі «Nur Otan» партиясының мүшесі ретінде оған қарсымын (Демпартия мүшелері мен жалпы шеруге шыққандарды айтады – ред), өзінің пікірін білдіруге» деген мәлімдемесі қазақ қоғамының соның ішінде сол күні алаңға шыққандардың көңіл-күйін тіптен түсіріп жібергенге ұқсайды.
Оны Демпартияның жетекшісі Жанболат Мамай ашық айтқан.
«Бұл тірлігім ұят болды-ау, елден кешірім сұрайын» деудің орнына Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов керісінше, «менікі дұрыс» деп сұхбат беріп жүр.
Ардан да, ұяттан да жұрдай болған екенсің, Ермахан. Бір кездері қазақтың туын желбіретсең, қазір тәуелсіздікті аяққа таптап, адам құқығын тұншықтырған ұры-қарылардың қолшоқпарына айналдың. Халық сені көкке көтерсе, сен Мұхтар Шахановша айтқанда, жемқорлардың «туфлиін жалап», жердегі плакатты жыртып, бейшара болып жүрсің», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.
Сондай-ақ, күрзі жұдырықты жігіттің ұсақталып, жас қыздарға қол көтергеніне қапаланып отырғанын айтқан.
«Нағыз батыр болсаң, қазақ жерінің тағдыры таразыға түсіп, билік оны саудаға салайын деп тұрғанда неге үнсіз қалдың? Мықты болсаң, Жаңаөзенде халыққа оқ атып, қырып салған полицейлерді неге орнына қоймадың? Көпбалалы аналар зар жылап, әкімдіктің табалдырығын тоздырғанда, ер азамат ретінде неге соларға қолдау көрсетпедің? Әлде сенің шойын жұдырығың биліктің айтағына еріп, плакат жыртып, митингтегі қыздарға қол көтеруге арналған ба?
Көп сөз шығындамай-ақ қояйын. Бұрын сені «чемпион» деп құрметтейтін едік. 10 қаңтарда митингтегі масқара әрекетіңнен соң саған халық «қарабет» деген атақ берді. Бұл атақтан құтылудың бір ғана жолы бар. Халықтан кешірім сұра, «титушка» қызметіңнен бас тарт, «Нұр Отанды» тастап қаш», - деп жазған жазба авторы.