25.07.2016, 04:38

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге бүйірі бұрып тұратыны несі?

ҚР Парламент Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей жанкүйері екеніне ақырындап көзіміз жетіп келеді. Спорттағы жанкүйері емес, жалпы сол елдің тілеуін тілеушісі десек артық айтпайтын шығармыз. Мейлі, тілесін ғой, бірақ Қазақстанның жағдайын жетістіре алмай отырып, біреуге жанашырлық танытуын түсіне алмаймыз.

Естеріңізде болса, Батыс елдері Ресей Федерациясына жаппай санкция жариялап жатқан тұста Тоқаев орыстарға араша түскен болатын. Биыл 25 ақпан күні Венада өткен ОБСЕ Парламенттік ассамблеясының қысқы сессиясында да ол саясаттағы санкциялардың орынсыз екенін айтты. Аталған санкциялардың Қазақстанға түк қатысы жоқ екенін, тек РФ депутаттарына салынғанын осы ретте айта кету керек.

Сондай-ақ, биыл Ресей мен Түркия арасында жанжал туындаған сәтте Тоқаев Түркия тарапын айыптап, Ресейдің сөзін тағы сөйледі.

«Ресейлік әскери ұшақтарды түркиялық әскери әуе күштерінің себепсіз атып түсіруі екі ел арасындағы байланысты күрделендіріп жіберуі мүмкін», - деп Қасым-Жомарт Тоқаев өз пікірін білдірген болатын. Алайда, Түркия әскерилері ресейлік ұшақтарды себепсіз емес, территориялық қауіпсіздікті бұзғаны үшін атып түсіргенін жұрт жақсы біледі.

Енді Халықаралық олимпиада комитеті Ресей ұлттық құрамасын Риода өтетін олимпиада ойындарына қатыстыруға шешім шығарғаны сол екен, Тоқаев алғашқылардың бірі болып жұрттан «сүйінші сұрады».

«ХОК ресейлік команданы Риода өтетін олимпиада ойындарына жіберіп, дұрыс шешім қабылдады. "Таза" спортшылар өзгелер үшін жауапкерішілікті алмауы тиіс», - деп жазды Тоқаев өзінің Twitter-парақшасында.

Айта кетейік, ХОК-қа мүше 10 мемлекет Бразилиядағы жазғы олимпиада ойындарына Ресей ұлттық құрамасын мүлдем қатыстырмауды талап еткен болатын. Себеп - бұған дейінгі олимпиадаларда ресейлік спортшылардың тыйым салынған препараттарды жиі пайдалануы болып отыр.

WADA (бүкіләлемдік допингке қарсы агенттік) мен ХОК қазақстандық бірнеше спортшыны да Олимпиада ойындарынан шеттеткені белгілі. Алайда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың оларға ара түсіп, әділдік сұрағанын көрген де, естіген де жоқпыз. Жиындардың барлығын дерлік тек орыс тілінде жүргізетін Сенат спикерінің неліктен Ресейге сонша бүйрегі бұратынын түсінбедік.