19.01.2021, 12:20

Қоғам белсендісі Мәжіліс депуттарын қылмыскерлерге теңеді

Фото: svoboda.org
Бұл адамдарды біз сайлаған жоқпыз. Олар билікті басып алған қылмыскерлер.

Қоғам белсендісі, Демократиялық партия атты қоғамдық ұйымның жетекшісі Жанболат Мамай жаңадан сайланған Мәжіліс құрамын қылмыскерлер ұясына теңеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мамайдың айтуынша, бұл адамдарды халық сайлаған жоқ. Олар билікті басып алған қылмыскерлер. 

«Парламенттегі алғашқы күнін арақтан бастаған, қазақ тілінде 4-5 сөйлемді жаттап ант бере алмай отырған депутаттарға айына шамамен 8 миллион теңгеден ақша бөлінеді. 

Ал пандемияның тұсында жұмыссыз, табыссыз қалған азаматтарға қанша теңгеден бөлінді? 42500 теңге. Бұл әділдікке жата ма? 

Бұл депутаттар билік үшін неге керек? Өздеріне қажетті кез келген заңды қабылдату үшін. 26 жастағы «туфли жалағышты» депутат қылғаны да сондықтан. Білдей институтты басқарып, 7 миллион теңгені жымқырғаны үшін сотталған адамды депутат қылғаны да сол үшін. 

Өзінің ұстазын өлтірген биліктің сойылын соғып кеткен опасызды парламентке жеткізгені де осы себепті. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Заңсыз парламенттің ішінде ел мүддесін ойлаған, халық мәселесін көтеретін бірде бір адам жоқ. Болуы да мүмкін емес. 

Қандықол билікпен ымыраласып, солардың ұрлаған дауыстарының арқасында заңсыз депутат атануға жібі түзу адам келісер ме еді? Жоқ, әрине! 

Сайлаудың қалай өткенін, қойылымның қандай жолмен ұйымдастырылғанын өз көзімізбен көрдік. Сондықтан, барлығымыз бұл парламентті мойындамайық. Жай ғана парламент деп емес, заңсыз парламент деп жазайық. Заңсыз депутаттар деп айтайық. Себебі, бұл адамдарды біз сайлаған жоқпыз. Олар билікті басып алған қылмыскерлер. Дұрыс па?», - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.