19.01.2021, 22:48

BI Group басшысы Айдын Рахимбаевтың қаржы жымқырғаны рас па?

фото: paryz.kz
Агенттіктің ақпаратынша, Алматы қаласында инфекциялық аурухана салуға бөлінген 5,5 млрд теңгенің 4 млрд теңгесі ұрланған.

BI Group холдингінің бас директоры Айдын Рахимбаев Facebook-тегі парақшасында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі берген ақпаратты жоққа шығарды,  деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

paryz.kz сайтының хабарлауынша, Алматыдағы жұқпалы аурулар ауруханасын салу холдингке табыс әкелмеген.

"Алматы қаласындағы аурухананың салынуына байланысты біздің компаниямыздың құқық бұзушылық әрекетке бармағанын ресми түрде мәлімдеймін. Сондай-ақ біздің холдингке құрылыстан табыс түспегенін, қаржы жымқыруға мүлдем қатысы жоғын айтқым келеді. Расталмаған ақпаратқа сенудің қажеті жоқ. Оның артында біреулер тұр. Ерте ме, кеш пе, бұның барлығы кімге қажет болғанын да білетін боламыз. Әзірге осы, жақында толығырақ бөлісеміз", - деп жазды Айдын Рахимбаев.

Айта кеткен жөн, кеше Cыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік аталмыш холдингке қарасты "Bi-Industrial" ЖШС директоры мен Алматы қаласының жайлы қалалық орта басқармасының басшысы Сапар Нұрашевқа қатысты мемлекет қаржысын жымқыру бойынша қылмыстық іс ашылғанын хабарлаған.

Агенттіктің ақпаратынша, бұл тұлғалар Алматы қаласында инфекциялық аурухана салуға бөлінген 5,5 млрд теңгенің 4 млрд теңгесін жымқырған.