28.01.2021, 12:20

«Мектептегі портретіңді ғана емес резиденциядағы президентіңді лақтырып тастайтын буын өсіп келеді» – журналист

Оларды тәуелсіздікпен, сыртқы жаумен, батыс қаупімен алдай алмайсың.

Ресейдегі оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың қамауға алынуына байланысты бұрқ ете қалған қарсылық акциясы жаңаша сипат ала бастады. Бүтіндей Ресейдің болашағын Путинсіз елестете алмайтын билікшіл топтардың өзі саяси өзгерістің қажет екенін айта бастады. Тіптен мектеп оқушыларының өздері де ел күтпеген әрекетке барып жатыр. Олар өздерінің саяси жүйеге қарсылықтарын мектепте ілулі тұрған Путиннің суретін Навальныйдың портретіне алмастыру арқылы білдіре бастаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Журналист Есдәулет Қызырбекұлының айтуынша, бұл жағдай қазақ билігіне үлкен сабақ болуы тиіс дүние. Қазіргі буынның талабы мен ой-санасы мүлдем бөлек. Оларды тәуелсіздікпен, сыртқы жаумен, батыс қаупімен алдай алмайсың.

«Ресейде болып жатқан халықтық толқулардың Беларусь, Қырғызстан немесе Қазақстаннан айырмашылығы, мектеп оқушыларының үлкен саясатқа қызығуында. Навальный жақтастары митингке шақырған күннен бастап тик токта оқушылар мектепте ілулі тұрған Путиннің суретін Навальныйдың портретіне алмастырып, өздерінше бір челлендж жасады. Бұл 2005-тен бері қарайғы ұрпақ»,  - деп жазған ол өзінің facebook парақшасында.

Журналистің айтуынша, ондай ұрпақты құрғақ уәдемен, өтірік статистикамен алдай алмайсың. 

«Оларды тәуелсіздікпен, сыртқы жаумен, батыс қаупімен алдай алмайсың. Ойлау жүйесі, көзқарасы, ұстанымы мүлде басқа ұрпақ 15-16 жасқа келіп қойды. Енді 2-3 жылда студенттер қатарына қосылады. Ал кез келген өзгерістің қозғаушы күші халықтың осы бөлігі. Қазір өздерін жарты құдай санап отырған қаптаған қалың диктатордың қалай сайрайтынын сол кезде көреміз. Тик-ток, инстаграм, жалпы ғаламтор әлемінде өзіне ұнағанын таңдап үйренген буын, сайлау учаскесіне барғанда дәл солай, өзіне ұнайтын партияға немесе адамға дауыс бергісі келеді. Жоқ болса мектептегі портретіңді емес, резиденциядағы президентіңді лақтырып тастайды», - деп атап өткен жазба авторы.